Мұрагерлік дауға түскен пентхаус: Назарбаевтың Нью-Йорктегі үйі саудаға қойылды

Қыркүйек 25, 2024 - 13:03
Қыркүйек 25, 2024 - 13:05
Мұрагерлік дауға түскен пентхаус: Назарбаевтың Нью-Йорктегі үйі саудаға қойылды

Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың Нью-Йорктегі пәтері 1,995 миллион долларға сатылымға шығарылды. Мұны жергілікті жылжымайтын мүлік агрегаторларының мәліметтері айғақтайды.

Әңгіме Wall Street 55 мекен жайында орналасқан үйдегі пәтер туралы болып отыр. Пәтер — Болат Назарбаевтың бүгінгі күні белгілі болып отырған Америкадағы соңғы жылжымайтын мүлігі. Бұл туралы «Выход к морю» арнасы жазды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.

Арна мәліметінше, бір кездері Нью-Йорк қор биржасы, кеден және Citibank кеңселері Wall Street 55 мекен жайында орналасқан еді. Иелері ғимаратты кондоминиумға айналдырмас бұрын мұнда зәулім қонақүй болған. 2006 жылғы соңғы жөндеуден кейінгі алғашқы пәтер сатып алушылар қатарында актер Мики Рурк пен супермодель Наоми Кэмпбелл болды.

«2007 жылы Болат Назарбаев олардың көршісі атанды. Екі жатын бөлмесі, ас үй мен қонақ бөлмесі, үш жуынатын бөлмесі және кең террасасы бар 164 м2 аумақтағы пентхаус Нұрсұлтан Назарбаевтың інісіне 2,7 млн. долларға түскен. Бастапқыда пәтер Майра Құрманғалиевамен некесіндегі өгей ұлы Даниярдың атына жазылды. Оның атына сол үйдегі тағы бір пәтер (№702 пәтер) ресімделді, оны Данияр 2011 жылы 940 мың долларға сатты. Ол пентхаусты да сатпақ болды, бірақ Болат Назарбаев кейін бұл мүлікті қайтарып алды», — деп жазылған деректе.

Арна дерегінше, мұның бәрі Болат пен Майраның арты дауға ұласқан ажырасуы кезінде болған.

«Майра Құрманғалиева әртүрлі сот органдары арқылы бұрынғы күйеуінен байлығының жартысын, соның ішінде АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікті талап еткен. Нәтижесінде 2011 жылы Құрманғалиева Қазақстанда алаяқтық жасады, адам ұрлады деп айыпталып, оған іздеу жарияланды. Өз кезегінде Болат Назарбаев Нью-Йорктегі сотқа жүгініп, өгей баласы мен бұрынғы әйелін ондаған миллион доллар ұрлады деп айыптады. Болат пен Майраның арасындағы сот бірнеше жылға созылды. Нәтижесінде Болат Назарбаев Құрманғалиева мен оның ұлына құны 20 миллион доллар тұратын Нью-Джерсидегі зәулім үйді берді. Есесіне олар Майами мен Нью-Йорктегі пәтерлерге қатысты талаптарынан бас тартты», — деп жазылған мәліметте.

Деректерге сүйенсек, Америкадағы соңғы активі — дәл осы Wall Street 55-тегі пентхаусты 2016 жылы Болат Назрабаев өзінің көмекшісі, оның коллекторлық агенттігін және басқа да бірқатар шағын фирмасын басқарған Батыржан Ахметовтің атына жазған. Нью-Йорктегі жылжымайтын мүлік тізіліміне сүйенсек, Ахметов — әлі күнге осы активтің иесі. Сонымен қатар, жылжымайтын мүлік агрегаторларының мұрағатына сүйенсек, пентхаус былтыр жаздан бері сатылымда тұр, яғни мүлікті сату туралы шешім Болат Назарбаевтың көзі тірісінде қабылданған.

«2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Болат Назарбаев пен оның мұрагерлері жинаған активтерінің бір бөлігінен айырылды. Базарлар, кәсіпорындар мен компаниялардағы үлестер, жүздеген гектар жер тәркіленді. Тәркіленген мүліктің бір бөлігі мемлекетке берілді. Назарбаевтың Нью-Йорктегі пәтері де заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару науқанының назарына ілігуі әбден мүмкін», — деп жазылған арна дерегінде.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow