«Шеге жұтқан»: Шымкенттегі сотталғандар наразылық танытып жатыр
Шымкенттегі №53 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер наразылық танытып жатыр. Бұл жолы олар шеге мен термометр жұтқан көрінеді. Туыстарының сөзінше, сотталушылар медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлады otyrar.kz.
Бұл №53 түзеу мекемеде жазасын өтеп жатқан жан. Ол наразылық ретінде шеге жұтқан көрінеді. Сөздерінше, мұндай әрекетке барған жан жалғыз емес. Тағы бірнеше жазасын өтеуші денесіне жарақат салып, шеге жұтқан. Туыстары қазір оларға медициналық көмек көрсетілмей жатыр деген назын жеткізді.
«Азанда келгенбіз кеш болды. Біреуі бізге көмек көрсетпеді. Ағам ішінің бәрін тіліп тастаған. Шеге жұтқан. Не шегесін алмайды. Ешкім көмек көрсетіп жатқан жоқ мұнда. Біз көмек беруді сұраймыз. Мұнда 4 бала шеге жұтқан. Біреуінің шегесі іріңдеп тесіп шығыпты, ол қазір іште жатыр», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Салтанат Ыдырыс.
«Біз ешқандай көмек көрсетпейміз. Ішін тек алмаспен тілген жерін таңып қоямыз. Шегесі тұра береді. Артқы тезегімен шығып кетеді. Шеге тұра береді деп жауап беріп жатыр. Болды», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мақпал Мархабаева.
Ал мекеме басшылығы болса, бұл шындыққа жанаспайды деп отыр. Айтуларынша, оларға медициналық көмек көрсетілген. Сонымен қатар, жауаптылар тиісті емдеу шарасы мен қызметтік тексеру жүріп жатқанын айтты.
«Бұл жағдай бойынша жедел-жәрдем шақырдық. Медициналық көмек көрсетті. Одан кейін көмек көрсетпеді деп наразылық актілерін жасады ғой. Сол бойынша тексеріс амалы жүріп жатыр», — дейді Шымкент қаласы және ТО бойынша ҚАЖ департаменті №53 мекемесінің бастығы Бақытжан Нысанбаев.
Тағы бір жазасын өтеушінің туыстары сотталушыға медициналық көмек көрсетпегендіктен термометр жұтып ауруханада жатқанын жеткізді. Әзірге оның жағдайы белгісіз. Бұл фактіге қатысты денсаулық сақтау басқармасына арнайы сұраныс хат жолданды.
Сіздің реакцияңыз қандай?