Бір басына жеті ұйым тіркеген Олжас Құдайбергенов кім?
sadaqmedia «Жаңа Қазақстан – жаңа адамдар» бастамасымен қоғам белсенділері, шенеуніктер мен әртүрлі саладағы танымал адамдар туралы «Сіз кімсіз?» атты айдар ұсынады.
Айдардың алғашқы «кейіпкері» - экономист Олжас Құдайбергенов.
Олжас Құдайбергенов 1982 жылы Түркістан қаласында туған. Небары 19 жасында Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін тәмамдаған. Көп студент 19 жасында оқуын енді бастап жататынын ескерсек, бұл өте қызық жағдай. Еңбек өтіліндегі жарқ ете қалған кезі – 2014 жыл, сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің кеңесшісі лауазымы еді. Кейін президенттің штаттан тыс кеңесшісі болды, 2020 жылға дейін Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы Басқарушы кеңестің төрағасы болған. Олжас Құдайбергенов сондай-ақ әр жылдары «Ғылым қоры» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі болған. Қазір «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесіне мүше адам.
Қазақстандағы ең танымал экономист тәп-тәуір бизнесмен болып шықты. Контрагенттерді тексеретін «Учет.кз» сервисінің мәліметінше, Олжас Құдайбергеновтің атында жеті ұйым бар, төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен үш қоғамдық ұйым. Олардың бәрі бір мекен-жайда тіркелген. Атап айтсақ, экономистің атында "CSI ANALYTICS" ЖШС, "CSI INVEST" ЖШС, «CSI HOLDING LLP» ЖШС, "CSI GROUP" ЖШС, "TSC Global Kazakhstan" ЖШС атты төрт компаниясы, «CSI HOLDING LLP» атты бір жауапкершілігі шектеулі әріптестігі, "Taiburyl" қоғамдық бірлестігі мен "Кең Дала" Бизнес Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі бар.
Осы компанияларының арасындағы ең ірісі әрі табыстысы - "TSC Global Kazakhstan" ЖШС. Бұл компания «Стратегиялық бастамалар орталығы» ЖШС-ның құрылтайшысы. Олжас Құдайбергеновтің атындағы компания осыдан төрт жыл бұрын «Қазақстан Респуликасында 5G технологиясын енгізу тұжырымдамасын әзірлеу» туралы 400 млн теңгенің мемлекеттік тапсырысын жеңіп алған. Тапсырыс беруші – Қазақтелеком компаниясы.
Бұл компанияның салықтарына тоқталсақ, 2018 жылдан бері компанияны өз табысынан 93 млн теңгеден астам салық төлеген. "Taiburyl" қоғамдық бірлестігі де бюджетке біраз салық төлеген, сәйкесінше, табысы да тұрақты деген сөз.
Айтпақшы, қоғамда өзіндік пікірі бар экономистің әйелі жуырда ел күтпеген мәлімдеме жасады: Мөлдір Қабылованың айтуынша, Олжас Құдайбергенов оны ұзақ жылдар бойы ұрып-соққан. Әйелі ажырасу туралы шешім қабылдаған соң, Құдайбергенов әйелі мен оның жақындарын қудалап жүрген көрінеді. Мөлдір Қабылованың айтуынша, Олжас Құдайбергенов бұрынғы қайын атасы мен балдызығын үстінен полицияға арыз түсіріп, бірін уақытша қамау изоляторына, бірін – үйқамаққа жапқызған. Біздің дереккөз Құдайбергеновтің әйелінің туыстары оған ақша қарыз екенін айтады. Мөлдір Қабылова бұны жоққа шығармай, бауыры кезінде бизнес бастамақ болып, Құдайбергеновтен қарызға ақша алған. Экономист бұрынғы балдызын «алаяқ» деп айыптағаны белгілі болып отыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?