Қабырғасы жарылып, едені опырылған: тұрғындар баспанасын тастап кетіп жатыр
Мұндағы мәселеден жергілікті билік те хабардар.
Қар еріп, көктем шықса, көшесі көлге айналатын Жетісу облысында жағдай қиын. «Ауланы су басып, жүрер жер қалмады» деген азаматтардың айтуынша, әкімдік шара қабылдамай отыр, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы Almaty.tv - ға сілтеме жасап.
Абзалбек Жетпісбаевтың айтуынша, көктем шықса, көшедегі аққан су үйге кіреді. Салдарынан үйінің қабырғасы жарылып, едені опырылған. Ол ауласындағы шағын үйде тұруға мәжбүр. Судан жаяу адам тұрмақ көлікпен өту қиын. Өйткені қар еріп, су жиналғанда, көлшіктегі су мөлшері тізеге жететін көрінеді.
– Жыл сайын көктемде су ағады. Жасайтын қаражат жоқ. Әкімге де айттым. Таудан аққан су үйге келеді. Қайда барамын?, – деді облыс тұрғыны Абзалбек Жетпісбаев.
Бұл – Алакөл ауданына қарасты Ақжар ауылындағы Оңдабай Оразов атындағы көше. Шамамен 15 шақты үй бар. Тұрғындардың айтуынша, жылда көктемде сай-саламен аққан су осы маңайға жиналады. Адамдар да өте алмай әлек болады. Қазірдің өзінде айнала көк мұзға айналған.
– Ақпанның ортасында күн жылынды. Елдің бәрі су кешіп жүруге мәжбүр, – деді облыс тұрғыны Жеңісгүл Қожағұлова.
Мұндағы мәселеден жергілікті билік те хабардар. Округ басшысы күн жылыған бойда судың арнасын бұрып, тұрғындарға емін-еркін жүріп тұруға жағдай жасаймыз деп сендірді. Әкімнің айтуынша, басты мақсат – құбыр салу. Сондай-ақ, өтпелі көпір жасауды жоспарлап отыр.
– Өз тарапымнан құбыр дайындап қойдым. Су жолдың жиегімен ағатындай құбыр орнатамыз. Ауа райы жылысын, бірден іске кірісеміз, – деді Ақжар ауылдық округінің әкімі Елес Жапарғалиев.
Жетісу облысында су басу қаупі жоғары 31 елдімекен бар. Онда шамамен 20 мыңға жуық адам тұрады. Өре тұрғызар өтпелі кезеңге мамандар қамданып-ақ жатыр. Мәселен қазірдің өзі 76 тонна жанар-жағар май, 3,9 мың тонна инертті материал әзірленген. Жауаптылар «елдімекенге жақын орналасқан су арналарын да мұқият қадағалап отырмыз» деді. Ал бар жұмыстың нәтижесі көктем шығып, күн жылынғанда көпке білінеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?