Министр қағаз жүзіндегі 5 млн малдың кімдерге тиісілі екенін айтты
Мемлекет басшысы биылғы өзінің кезекті Жолдауында бес миллионнан астам мал басының қағаз жүзінде ғана болғанын айтқан еді. Бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Президенттің бұл сөзін растап, 2 млн-ға жуық ірі қара, шамамен 3 млн бас ұсақ малдың сондай-ақ 3 млн тоннаға жуық сүттің статистикалық есептен шығарылғанын айтты.
"Мұнда "приписка", деректерді өзектендіру қосалқы шаруашылық есебінен жүргізілді. Біз статистикалық деректерден жеке қосалқы шаруашылықтардың мәліметтерін алып тастадық. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік қолдау шарасы қосалқы шаруашылықтарға қарастырылмаған. Мемлекеттік қаржысы тиісті бағыттарға жұмсалмады деп айту дұрыс емес, себебі жеке қосалқы шаруашылықтар мемлекеттен көмек алмайды. Шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мемлекеттен қолдау алады. Мал шаруашылығы өнімдері бөлігінде деректер өзектендірілді. Қазір өсімдік шаруашылығы өнімдеріне қатысты жұмыстар жүріп жатыр", - деді Ермек Кенжеханұлы Сенат кулуарында.
Вице-министр мал басын "қолдан жазғандар" статистикалық есеп қуалады деп отыр.
"Яғни, қандай да бір елдімекенде мал басы, шығарылған өнім жөнінен өсім бар екенін көрсету мақсатында болған. Мұнда басқа пайдакүнемдік мақсат жоқ деп ойлаймын", - деп нақтылады АШМ өкілі.
Сіздің реакцияңыз қандай?