"Техникалық қате". Назарбаев университеті оқу ақысына қатысты түсініктеме берді
Назарбаев университетінің баспасөз қызметі қазақстандықтар мен шетелдік студенттерге арналған оқу ақысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды sadaqmedia.kz.
Айта кетейік, күні кеше әлеуметтік желіде Назарбаев университетінің оқу ақысына қатысты ақпарат тарады. Дәлірек айтсақ, университет сайты шетелдік студентке арналған оқу ақысын арзан, ал, Қазақстан азаматтарына арналған оқу ақысын өте қымбат есептеп көрсеткен.
Бүгін sadaqmedia Назарбаев университетінің баспасөз қызметінен ресми комментарий сұрады. Дереккөз бізге оқу ақысын есептейтін калькулятордың қате жұмыс істегенін хабарлады.
"Назарбаев Университетінің сайтында оқу ақысын есептеу бөлімінде (тариф калькуляторы) техникалық қате орын алды. Оқу орнының IT қызметі қатені жою бойынша жұмыс жүргізуде. Оқу ақысы туралы жаңа деректер жақында веб-сайтта жарияланады", - деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметі сондай-ақ студенттерге бірқатар факторларға байланысты әртүрлі деңгейдегі жеңілдіктер берілетінін хабарлады. Қазір университетте барлығы 7089 студент білім алып жатыр, оның 97,1% - қазақстандықтар, 2,9 % - шетел азаматтары.
"Қазақстандық студенттердің басым көпшілігі (97%) университеттің мемлекеттік немесе ішкі гранттары бойынша білім алады. Сондай-ақ, ақылы негізде оқитын барлық қазақстандық студенттерге 50%, ал ерекше әлеуметтік мәртебесі барларға (көп балалы отбасы/ жетімдер/ мүгедектер) 80%-дан жоғары жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар оқу үлгерімі жақсы болған жағдайда қазақстандықтар босатылған (вакант) грантқа ие бола алады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сіздің реакцияңыз қандай?