Ливанда пейджерлерден кейін рациялар да жарыла бастады

Кем дегенде тоғыз адам қаза болып, 300-ге жуық адам жараланған.

Қыркүйек 19, 2024 - 15:30
Ливанда пейджерлерден кейін рациялар да жарыла бастады

18 қыркүйекте Ливанның түрлі аудандарында тағы да байланыс құралдары жарылды. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары мен шетелдік басылымдар хабарлады, деп жазады Азаттық. 

Reuters агенттігі сүйенген дереккөздердің айтуынша, бұл жолы "Хезболла" мүшелерінің рациялары жарылған. Дереккөздердің сөзінше, "Хезболла" оларды бірнеше ай бұрын алған. 17 қыркүйекте жарылған пейжерлерді ұйым өкілдері шамамен сол уақытта сатып алған.

Ливан астанасы Бейрут қаласының түрлі аймағында, елдің оңтүстігінде де жарылыстар болған. Sky News Arabia арнасының хабарлауынша, жарылыстар Ливан парламентіндегі "Хезболла" мүшесі Әли Аммардың бір күн бұрын қаза болған ұлын жерлеу кезінде де болған.

Ливан басылымдары кем дегенде тоғыз адам қаза болды деп хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, 300-ге жуық адам жараланған.

17 қыркүйекте Ливанда "Хезболла" мүшелері шифрланған хабар алмасатын пейжерлері жарылып, 12 адам қаза тапқан еді. Олардың арасында "Хезболла" мүшелері, бейбіт тұрғындар, сегіз жасар бала бар. Үш мыңға жуық адам жараланған.

Израиль жарылыстарды ресми түрде мойнына алған жоқ. Көптеген ақпарат құралы дереккөзіне сілтеп, мұны Израильдің арнайы қызметі ұйымдастырды деп жазды.

Израильдің қауіпсіздік қызметі "Хезболла" тобы шабуылға жуық арада жауап беретінін жоққа шығармайды деп хабарлады израильдік Vesty сайты. Елде оған дайындық артқан. "Хезболла" кек алуға уәде берген.

18 қыркүйекте кешке Израиль қорғаныс министрі Йоав Галлант Тель-Авив жүргізіп жатқан соғыс "жаңа кезеңге" өтіп, күш Газа секторынан солтүстіктегі шекараға, яғни Ливан жаққа ойысып жатқанын айтты.

Ливан қауіпсіздік қызметіндегі дереккөздерге сүйенген Reuters-тің жазуынша, Израильдің "Моссад" барлау қызметі бірнеше ай бұрын "Хезболла" тобы импорттаған бес мың пейджерге жарылғыш заттар салған.

Reuters дереккөздерінің жазуынша, операция бірнеше ай дайындалған. Ливан дереккөздерінің тұжырымдауынша, пейджерлерге "өндіріс кезінде" өзгерістер енгізілген - оларға "код алған кезде жарылатын плата" салынған. Агенттікке сұхбат берген дереккөздің айтуынша, "мұны алдын ала анықтау өте қиын". Дереккөздің сөзінше, тиісті код жіберілген кезде үш мың пейджер бір мезетте жарылған. Бұған дейін "Хезболла" өкілі пейджерге құрылғыны қыздыратын вирус жұғып, соның салдарынан жарылған болуы мүмкін деп топшылаған.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш сәрсенбі күні жарылысқа алаңдаушылық білдіріп, Израиль мен "Хезболла" арасында қақтығыс аймақта соғысқа айналып кетпеуіне күш салуға үндеді. БҰҰ Адам құқығы жөніндегі ведомствосы жарылысты айыптап, тергеуге шақырды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow