«Бізге керек емес»: Алаудинов Украина тұтқынына түскен Қадыров сарбаздарын қайтарып алудан бас тартты

"Украиндер, оларды өздеріңе қалдырыңдар, бізге керек емес. Оларға не істесеңдер де, маған бәрібір

Қыркүйек 16, 2024 - 15:46
Қыркүйек 16, 2024 - 15:46
«Бізге керек емес»: Алаудинов Украина тұтқынына түскен Қадыров сарбаздарын қайтарып алудан бас тартты

Шешенстанның "Ахмат" арнайы жасағының командирі және Ресей армиясының бас әскери-саяси басқармасы басшысының орынбасары Апти Алаудинов Курск облысында Украина қарулы күштері қолға түсірген "Ахмат" тобы жауынгерлерін босатып алуға ықыласы жоғын мәлімдеді, деп хабарлады Азаттық. 

Алаудинов телеграм-арнасында жариялаған видеода соғыста ауыр жараланып тұтқынға түскен жерлестеріне ғана көмектесетінін айтты. "Ахмат" командирі қарсыласпай берілгендер "өмір сүруге лайық емес" деп санайтынын айтты. "Украиндер, оларды өздеріңе қалдырыңдар, бізге керек емес. Оларға не істесеңдер де, маған бәрібір", – деді Алаудинов.

Бұған дейін украиналық фотожурналист Ян Доброносов Курск облысында Украина қарулы күштері қолға түсірген Шешенстандағы Валерик ауылының бұрынғы басшысы Магомед Зарахматовтың видеосын жариялаған. Онда Зарахматов қатардағы жауынгер болғанын, 14 тамызда Курск облысы Суджан ауданында тұтқынға алынғанын, қарсылық көрсетпегенін, өзін мәжбүрлеп соғысқа жібергенін айтқан.

Украина армиясы 6 тамызда Ресейдің Курск облысына шабуыл бастаған. Украина қарулы күштері ондаған елді мекенді, оның ішінде Суджа аудан орталығын, мың шаршы шақырымнан астам аумақты бақылауға және Ресей армиясының жүздеген сарбазын тұтқынға алғанын хабарлады. Курск облысында федералдық деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланған. Ресми мәліметке сәйкес, шекара маңындағы аудандардан 130 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Украина әскері басып алған жерлерде қанша адам қалғаны белгісіз, қолда бар ақпаратқа қарағанда, олар жүздеген болуы мүмкін.

Украина қарулы күштері Ресей аумағына басып кіргеннен кейін Апти Алаудинов Курск облысындағы бөлімшесінің әскери жетістіктері туралы ондаған видеоны әлеуметтік желіге жариялады. Ол аймақтағы жағдайды "алдағы күндері" бақылауға алуға бірнеше рет уәде берген еді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow