Әйелдің көйлегіндегі жазуды Құран аяты деп түсінген халық оның басын шаппақ болған (ВИДЕО)
Негізінде, көйлекте араб тілінде «халуа», яғни «тәтті» деген бір ғана сөз болған.
Пәкістанның Лахор қаласында ондаған адам әйелдің үстіндегі көйлектегі арабша жазуды Құран аяттары деп түсініп, шабуыл жасаған. Ашуға булыққан халық әйелдің басын алмақ болды, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ал негізінде, көйлекте араб тілінде «халуа», яғни «тәтті» деген бір ғана сөз болған.
Пәкістан полициясының хабарлауынша, жексенбі күні Пенджаб провинциясының астанасы Лахор қаласындағы мейрамханалардың бірінде тұтынушы әйелдің маңына бірнеше ер адамның жиналғаны туралы хабар келіп түскен. Полиция қызметкері Сейда Шехрбано ғимараттың жанынан 300-ге жуық адамды көргенін айтады.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан мейрамхананың бұрышында бетін қолымен жауып, қорқып тұрған әйелді анық көруге болады. Тағы бір видеода әйелді полиция қызметкерлері қоршап, қалың топтан қорғап, үстіндегі жазуы бар көйлегін шешуді талап етеді.
Кейбір бейнежазбаларда адамдардың Құдайға тіл тигізген әйелдің басын кесуді сұрағаны көрсетілген.
Пәкістан заңы бойынша Құдайға тіл тигізген адам өлім жазасына кесіледі. Полиция қызметкері мейрамхананың кіреберісінде тұрып, адамдарды тыныштандыруға тырысқанын айтады.
«Оның көйлегінде не жазылғанын ешкім білмеді. Біз тұрғындарға әйелді өзімізбен бірге алып кететінімізді, оның әрекеттері тексерілетінін және барлық қылмысы үшін заң шеңберінде жауапқа тарылатынын айттық», – деді ол.
Құдайға тіл тигізді деген күдікке ілінген әйел полиция бөлімшесіне жеткізілді. Онда шақырылған бірнеше ислам дінтанушылары оның киіміндегі мәтіннің Құранға еш қатысы жоқ екенін растап берген.
Полиция тіпті ислам ғұламаларынан әйелдің кінәсіздігін растайтын бейне хабарлама жазуды сұрады. Ал әйелдің өзі болған оқиға үшін кешірім сұрады.
«Менің жаман ниетім болған жоқ. Мұным қате болды. Бірақ болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Мұндай жағдай қайталанбас үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын», – деді әйел.
Ол өзінің діндар мұсылман екенін және Исламды қорлайтын ештеңе жасамайтынын айтты. Жергілікті билік оның Лахорға сауда жасауға келгенін және қаладан шығып кеткенін мәлімдеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?