«Хиджаб – діни киім»: Оқу-ағарту министрлігі Жоғарғы соттың шешіміне түсінік берді

Бұған дейін Жоғарғы соты мектептерде орамал тағуға тыйым салу туралы облыстық соттың шешімін жойып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзады деп танығанын айтты деген ақпарат тараған еді.

Қыркүйек 26, 2024 - 11:45
Қыркүйек 26, 2024 - 11:48
«Хиджаб – діни киім»: Оқу-ағарту министрлігі Жоғарғы соттың шешіміне түсінік берді

Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағу мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде мектептерде орамал тағуға тыйым салу жойылды деген ақпарт терістелген, Жоғарғы Сот маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы. 

"Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуға тыйым салуды жойған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарында және әлеуметтік желілерде Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат таралып жатыр. Істі қарау аясында Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқылауға араласпаған. Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды, өйткені білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі болып табылады", - делінген Жоғарғы Сот таратқан хабарламада.

Ақпаратта көрсетілгендей, бейінді министрлікте (ред. - Оқу-ағарту министрлігінде) орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі өкілеттіктер бар. 

"Министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылмаған және күші жойылмаған. Сондай-ақ, ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау міндетіне жауапты екенін атап өтеміз. Бұл ретте ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өздеріне алған және заңда белгіленген, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген міндеттерді орындамауы жауаптылыққа әкеп соғады", - деп хабарлады Жоғарғы Сот.

Оқу-ағарту министрлігі де Жоғарғы соттың шешіміне түсінік беріп, хабарлама жасады. 

"Бұл мәселе Білім туралы заңның 5-бабының 39 тармақшасына сәйкес әзірленген орта білім беру ұйымдарында (2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрық) міндетті мектеп формасына қойылатын талаптармен реттелген. Хиджаб – діни киім. Мұндай киім жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмейді. Ата-ананың алдында баласының сапалы білім алуы мен жеке қасиеттерін дамыту мәселесі тұруы тиіс", – дейді министрліктен. 

Бұған дейін БАҚ бетінде "орамал таққан оқушы қыздар сабаққа жіберілді. Жоғарғы сот балалардың білім алу құқығы шектелді деп шешіп, бұл мәселеге нүкте қойды. Құқық қорғаушы Жаслан Айтмағанбетов Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мектептерде орамал тағуға тыйым салу туралы облыстық соттың шешімін жойып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзады деп танығанын айтты. Осыған ұқсас шешімдерді бұған дейін Қазақстанның төрт облысындағы басқа соттар да мойындаған", деген ақпарат тараған еді. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow