«Қинап өлтірген»: Жаркентте көз жұмған сарбаздың туыстары сұмдық деректерді бөлісті
26 жастағы Дәулет Нұрланұлы Алматы қаласындағы құрлық әскерлері институтында оқыған.
Жаркентте қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары оны кісі қолынан қаза тапты деп есептейді. Бұл туралы КТК телеарнасының сайты хабарлайды.
Жетісу облысында оқу-жаттығу кезінде офицер Дәулет Нұрланұлы қаза тапты. Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаның мән-жайын білгісі келетінін айтып отыр.
"Өзіміздің Дархан. Неге десем, "білмеймін, үш солдат, бір офицер қинап өлтірген деп айтып жатыр, мына жақта" дейді. Жақсы дедім де, қойдым. Есімді жинай алмай отырдым. Марат ағамен сөйлескен кезде, жанында балалар тұрды, әскери полицияның бір офицері, подполковник айтты "иә, тұншықтырған, қылғындырған, барлық орны бар, бәрін анықтамаға жазды" деп. Енді сараптаманы бір айдан кейін аласыңдар деді", - дейді марқұмның туысы.
26 жастағы Дәулет Нұрланұлы Алматы қаласындағы құрлық әскерлері институтында оқыған. Отарда біраз қызмет етіпті. Жаркенттегі 74 261 әскери бөліміне ауысып, екі айдан кейін қайтыс болды. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы өкілдері осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады:
"Биыл 14 қарашада диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізуде қауіпсіздік шарасын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі"
Сіздің реакцияңыз қандай?