«Жағдай қиын»: Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған зиялы қауым Президентке ашық хат жолдады

Қараша 15, 2024 - 11:26
«Жағдай қиын»: Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған зиялы қауым Президентке ашық хат жолдады
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанның екі бірдей  Еңбек Ері — Асанәлі Әшімов пен Дулат Исабеков бастаған есімдері елге кеңінен танымал бір топ зиялы қауым Мемлекет басшысынан Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы төңірегіндегі орын алған даулы жағдайды бақылауға алуын сұрады,- деп хабарлайды Jurtmedia.kzақпараттық порталы.

Олар, Президент пен Үкімет басшысы және Мәжіліс депуттарына жолдаған хатында  «Мәдениетке мәдениетті білетін басшы керек!»,- деп талап қойып отыр.

Қазақстан президенті Қ. Тоқаевқа,

Премьер-министр О. Бектеновке,

Қазақстан парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттарына,

Халық, мемлекет өзінің ұлттық мәдениетінсіз бола алмайды. Дәл осы мәдениет пен өнер арқылы ұлтты ерекшелендіріп тұратын,  болашақты құрып, алға сенімді жетелейтін рухани күш, ұлттық код ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді.

Кинематография — бүгінгі мәдениет пен өнердің маңызды бөлігінің бірі.

Кино — жастарды тәрбиелеуші, мемлекеттің идеологиясын жүргізу мен қоғамның мәдени және рухани құндылықтарын насихаттауда негізгі мықты құрал.

Біз, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері осы хат арқылы отандық кинематография саласында қалыптасқан жағдайға қатты алаңдаушылық танытып отырмыз. Соңғы жылдары кино саласында бітпейтін жанжалдар көбейіп кетті, атап айтқанда, кино өндірісіне жауапты орындарда бұл салаға қатысы жоқ бөгде адамдар отыр, жемқорлық жайлаған киноға бөлінген миллиардтаған теңге талан-таражға салынып, нағыз киногерлердің сөзін ешкім тыңдап жатқан жоқ. Бұл саладағы деградацияны тоқтатпаса, жағдай қиындайтын түрі бар. Мұның бәрі бүкіл кино мамандардың алаңдаушылығын туғызды. Мәдениет министрлігі қазақ киносындағы жағдайды реттемек түгілі, басын алып қашып отыр. Жауапты орындарға жазылған хаттар мен шағымдарға мәселені  еш зерттеместен бірсыдырғы жауаптар ғана беріледі. Мәдениет саласына мәдениетті білетін басшы керек екені күн сайын сезілуде. Сол себепті біз, киногерлер отандық кино саласындағы қордаланған проблемаларды шешу жолдарын талап етіп, билікке қайрылуға мәжбүрміз. 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 Біз сізден Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына келіп, киногерлермен тікелей кездесу өткізуіңізді немесе наразы киноқауым өкілдерін қабылдауыңызды сұраймыз. Өзіңіз тікелей араласып, жағдайды жеке бақылауыңызға алмасаңыз, мәселе шешілмейтін сияқты. Біздің жанайқайымыз  жауапсыз қалмайды деп үміттенеміз, — делінген ашық хатта.

Билікке жолданған  хатқа ҚР Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков,  Халық жазушысы Смағұл Елубай, халық әртистері Нұржұман Ықтымбаев, Досхан Жолжақсынов, Талғат Теменов пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребайлар қол қойған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow