Трамп Fox News арнасының жүргізушісін Қорғаныс министрі етпек

44 жастағы Пит Хегсет — АҚШ Ұлттық гвардиясының ардагері, ол Ауғанстанда, Иракта және Кубадағы Гуантанамода қызмет еткен.

Қараша 14, 2024 - 10:26
Трамп Fox News арнасының жүргізушісін Қорғаныс министрі етпек
kursiv.media

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Fox News телеарнасының жүргізушісі Пит Хегсетті Қорғаныс министрі қызметіне үміткер ретінде ұсынды. Бұл туралы Трамптың өтпелі командасының мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды Reuters.

«Пит — мықты, ақылды адам, ол «Америка бәрінен жоғары» деген ұстанымға шынайы сенеді… Пит басшылыққа келгенде, Американың жаулары біздің әскеріміз қайтадан қуатты болатынын және Америка ешқашан шегінбейтінін түсінеді», - делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, 44 жастағы Пит Хегсет — АҚШ Ұлттық гвардиясының ардагері, ол Ауғанстанда, Иракта және Кубадағы Гуантанамода қызмет еткен. Хегсет Fox арнасында 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді, соңғы жылдары Fox & Friends Weekend бағдарламасының жүргізушісі болды. 2016 жылы Трамп президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейін, Хегсетті ардагерлер істері жөніндегі министр лауазымына қарастырған, бірақ бұл қызметке ақырында Дэвид Шулкин тағайындалды.

Алайда, бұл таңдау сынға да ұшырады. Қарулы күштер жөніндегі Өкілдер палатасының комитетіндегі жетекші демократ, өкіл Адам Смит әлеуметтік желіде: «Қорғаныс министрі қызметі – бастауыш деңгейдегі лауазым болмауы керек», – деп пікір білдірді.

CBS News мәліметінше, бастапқыда Пентагон басшысы қызметіне Майк Помпео ұсынылған еді, бірақ бұл ақпаратты Трамп жоққа шығарды.

Трамп әкімшілігіне кімдер кіруі мүмкін?

The Wall Street Journal (WSJ) деректері бойынша, Флорида штатынан сайланған конгрессмен Майкл Уолтц Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші қызметіне үміткер ретінде қарастырылып жатыр. Уолтц Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстар күшейген кезеңде жұмыс істейді деп күтіліп отыр.

The New York Times (NYT) басылымының мәліметінше, Трамп сенатор Марко Рубионы мемлекеттік хатшы лауазымына, ал Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің басшысы қызметіне Нью-Йорктен сайланған бұрынғы конгрессмен Ли Зелдинді ұсынуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, Трамп миллиардер Илон Маск американдық кәсіпкер Вивек Рамасвамимен бірге президент әкімшілігінде арнайы құратын мемлекеттік басқару тиімділігі департаментін басқаратынын мәлімдеген. 

kursiv.media

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow