«Жойқын жер сілкінісінің 100 жыл сайын қайталанатыны дәлелденбеген»: Сейсмолог Мэлс Елеусізовтің болжамын жоққа шығарды
Маман Қытай аумағында болатын жер сілкінісі Алматыға қауіп төндірмейтінін айтты.
Алматыдағы жер сілкінісінен кейін БАҚ беттерінде жойқын дүмпу 100 жылда бір қайталануы мүмкін екені айтылған ақпарат тарады. Мұндай пікірді эколог Мэлс Елеусізов айтқан, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы halyq-uni.kz-ке сілтеме жасап.
Қаңтарда болған жер сілкінісінің эпицентрі Қырғызстанда болғандықтан, енді тоқтайтын шығар деп ойлаған едік. Енді Кемин тақтасы шықты. Ал Кемин тақтасынан шыққан зілзала бұрын Алматыда 1887, 1911, 1921 жылдары болған. Кемин жер сілкінісі Алматының күл-талқанын шығарады. 100 жылда бір болатын қатты жер сілкініс қайталануы мүмкін, қазір уақыты да келіп тұр. Жер шары қызып барады, бұл адамдардың ісі, - деген эколог сұқбатының бірінде.
Halyq Uni бұл пікірдің қаншалықты шындыққа жанасатынын Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбековтен сұрады.
Мэлс Елеусізов өз пікірін айтып отыр. Ол кісі бұрын осы жерде жойқын жер сілкінісі болғанына сүйенген. 1887 жылғы Верныйдағы жер сілкінісі, 1889 жылғы магнитудасы 8,3 Шелек жер сілкінісі, 1911 жылғы магнитудасы 8,2 Кемин жер сілкінісі бар. Ол жағдайда ғимараттар қирап, адамдар қайтыс болды. Елеусізов осы деректерге сүйеніп айтып отыр, яғни жер сілкінісі цикл бойынша жүреді дейді. 100 жылда, 120 жылда бір болуы мүмкін екенін айтқан. Біздің болжам геофизикалық, гидродинамикалық, гидрохимиялық деректердің негізінде жасалады, - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
Маман «Алматыда 100 жылда жойқын жер сілкінісі болады» деген пікірдің ұзақмерзімді болжам екеніне тоқталды. Айтуынша, 100 жылда жойқын жер сілкінісі болады деген пікір дәлелденбеген, тек болжам күйінде қалып отыр.
Оның қай уақытта, қашан болатыны белгісіз дүние. Бұл – бір. Екіншіден, біздің өңірде мұндай жер сілкінісі бір рет қана болды. Геологиялық уақытпен алғанда Верный, Шелек және Кемин жер сілкінісі бір мезетте болған. Бізде бұдан басқа дерек жоқ. 100 жылда болады деп айту үшін «1800, 1700, 1600 жылдары осындай жер сілкіністері болды ма?» деген сұраққа жауап табу қажет. Біздің жер қыртысымыздың сондай қасиеті бар ма? Бұл сұрақтарға жауап беретін қолымызда дерек жоқ. 2000 жыл келді, бірақ мұндай сілкініс болған жоқ. 100 жылдан кейін жойқын жер сілкінісі болған жоқ. Сондықтан бәрі болжам, - дейді Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары.
Айтуынша, 2024 жылдың 23 қаңтары және 4 наурызында Қазақстан аумағында сезілген жер сілкінісінің ошағы шетелдерде орналасқан.
«Олар Алматыда болып жатқан жоқ. 23 қаңтарда Алматыдан 270 шақырым жерде Қытай мен Қырғызстан шекарасында болды. Алматыда 5 балл болып сезілді. 4 наурызда жер сілкінісі Алматыдан 31 шақырым жерде Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында болды. Алматыда 5 балл болып тіркелді. 6 наурызда сезілген жер сілкінісінің ошағы Қытайда орналасқан. Ол – ілеспе дүмпу. Оған байланысты сейсмикалық процестер жүріп жатыр. Ол ошаққа алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі ол жерде болатын күшті жер сілкінісі Алматыға қауіп төндірмейді», - дейді маман.
Нұрсәрсен Өзбеков Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында болған жер сілкінісінен кейін бірнеше ілеспе дүмпу болуы мүмкін екенін айтады. Алайда оған да алаңдаудың қажеті жоқ.
«Кеше ғана ол ошақта бір ілеспе дүмпу тіркелді. Ол ошақ өзі тынышталды деп есептейміз. Ошақ Күнгей Алатауы мен Іле Алатауы ортасында орналасқандықтан, ол жерге құрылғы қойып, 4-5 мың метр биіктікті қадағалайтын мүмкіндігіміз жоқ», - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
4 және 6 наурызда тіркелген екі жер сілкінісінің бір-біріне байланысы жоқ. Екі ошақтың арақашықтығы – 240 шақырым.
Қытай ошағында болған жер сілкінісінен кейін 8 мыңға жуық афтершок тіркелді. Қырғызстан-Қазақстан шекарасында болған жер сілкінісінен кейін әлсіз бір афтершок тіркелді. Жер қыртысының жер сілкінісінен кейін қалыпқа келуі ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ол сол жердегі тау жыныстарының құрамына, қасиетіне байланысты. Сондай-ақ тау жыныстарының тез жиналу мүмкіндігіне байланысты әртүрлі уақытты алады. Кейде 3-4 айға созылады, - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
Сіздің реакцияңыз қандай?