«Жойқын зілзаланың уақыты келді» – Мэлс Елеусізов
Меніңше, соңғы екі жер сілкінісі – «халық ойлансын» деген ескерту.
Кешелі бері Алматы жұртшылығын тағы да үрей биледі. Жер сілкінісіне қатысты сейсмологтар Кемен ошағының оянғанын айтып, елді бір тіксіндіріп тастады. Бұл жөнінде эколог Мэлс Елеусізовтің дабыл қағып жүргені де бүгін емес. Ол NEGE-ге берген сұхбатында біраз мәселенің шетін қайырды, деп жазады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Айтуынша, қазір ғалымдар жер шарындағы өзгерістер туралы дабыл қағып жатыр.
"Ауа-райының өзгерісі бізге әлі қатты сезілген жоқ. Мұхит жағалауындағы мемлекеттердің есі шығып жатыр. Жойқын зілзаланың уақыты келді. Меніңше, соңғы екі жер сілкінісі – «халық ойлансын» деген ескерту".
Эколог жойқын апаттың алдын алу үшін жұмысқа шын кірісіп жемқорлықты жою керек дейді.
"Мемлекет дереу комиссия құруы тиіс. Оған мықты ғалымдар мен мамандар кіруі керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілдері де қажет. Жемқорлық – қоғам індеті. Жемқорлық бар жерде заң жұмыс істемейді".
Сондай-ақ Алматыда зәулім үй салуды тоқтату қажет екенін еске салды.
"Биік үй салуды тоқтату керек. Бұдан көп қылмыс көріп отырмын. Кім оларға рұқсат берді? Алматыда төрт-бес қабаттан асатын үйлер салынбауы керек. Ал қазір 20-30 қабатты ғимараттар салынып жатыр. Зерттеу жұмыстары жоқ. Қай жерге салынғаны айтылмайды. Жер тақталарының жарықшақтары анық көрсетілуі тиіс. Жарықшақтардың үстінде үй салынбауы қажет. Оған рұқсат берген әкімдерді түгел соттаған жөн".
Сөзінше, біздің елге Жапониядан үлгі алу керек.
"Халықты зілзаладан қорғануға үйрету керек. Өкінішке қарай, ондай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Бізге Жапониядан үлгі алуға болады. Олардың тәжірибесі аса қымбат".
Естеріңізге сала кетейік, 4 наурыз сағат 11:22 кезінде Алматы қаласында 5 балдық жер сілкінісі болды.
Сіздің реакцияңыз қандай?