«Клубта мас боп жүріп, күйеуін қылмысқа итермелеген Салтанаттың өзі»: «Асар-Үме» қоры еріктісінің басы дауға қалды
«Асар-Үме» қайырымдылық қорының мүшесі Елжас Шора әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Салтанат Нүкенованың қазасына бір жыл толғанда оның түрмедегі күйеуін ақтап сөйлегендей жазба салды. Ерікті тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан Салтанат Нүкенованы «клубтарда мас болып жүрген, күйеуін өзін өлтіруге итермелеген» деп қаралап, басы дауға қалды, деп жазады Paryz.kz.
«Өкінішке қарай, арақ-шарап ішетін, темекі шегетін әйел кісілер бар. Клубта істейтін таныс жігіт Салтанат министрдің әйелі бола тұра қысқа көйлек киіп, мас болып, клубтарда жүретін дейді. Аллаһ кешірсін, қатты айтсам, ақиқатты айту керек. Әрине бұл ажал. Осы өлімге күйеуін итермелеген Салтанаттың өзі деп ойлаймын... Салтанаттың жағдайы барша әйелге сабақ болсын», - деп жазған ол.
Тағы оқыңыз: «Оның жалғыз қалатынын көріп отырмын» дейтін»: марқұм Салтанат Нүкенованың ата-анасы алғаш рет ашық сұхбат берді
Қазақстандық азамат осы жазбасымен «әйелдерді ақылды болуға» шақырыпты-мыс.
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді бұл жазбаны қатты сынады. Ол Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен Асар-Уме қайырымдылық қорына тексеріс жүргізуді сұраған. Желі қолданушылары Айтбек Амангендіні қолдап, оның жазбасын бөлісіп жатыр.
Ол сондай-ақ желідегі парақшасында Елжас Шораны белгілеп, айтқан сөзі үшін жауап беруін талап етті.
«Сендер құтырып кеткен жоқсыңдар ма? Сөздеріңе жауап беріңдер! Халықтың есебінен ақша жинап, әбден үрейді ұмытқан екенсіңдер. Мұсылманбыз дейтіндердің шын бейнесін қараңдар. Шын мәнінде, азып кеткен … (нормативтен тыс лексика). Халық ақшасына семіргені соншалық беттері кадрға сыймайды. Оған қоса бірдеңе дейді», – деп жазды Айтбек Амангелді.
Asar ume қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашев Елжас Шораның жай ғана ерікті екенін, қорға қатысы жоқ адам екенін айтады.
«Asar ume қорында 250-ден астам жан жақтағы қалалардан еріктілер бар. Елжас Шора да сол еріктілердің бірі. Бос уақытында мұқтаж отбасыларға көмектесемін деп өз тарапынан көмек қолын созады. Бір-екі күн бұрын желіде өз пікірін қалдырып кеткен екен. Елжас өзінің сторисінде де кінәні мойындап, «менің қателігім, бұл пікірдің Асар умеге қатысы жоқ» деп жазып жатыр. Елжас Шораның айтқаны секілді позицияны біз мүлдем құптамаймыз. Ондай ойымыз да жоқ. Еріктінің айтқан сөзіне бола, барлық жаман атақ бізге келіп тиіп жатыр. Шын мәнінде марқұм жайлы біз ондай пікірде емеспіз», деді Асхат Нұрмашев.
Еске салсақ, қоғамды дүр сілкіндірген қанды оқиға - Салтанат Нүкенованың өліміне жақында тура бір жыл толды. Ал биыл 13 мамырда бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?