«Келесі жылы бәрін таза парақтан бастаймын»: Черчесов масқара жеңілістен кейін мәлімдеме жасады
Ресейлік маман бас бапкер болғалы команда бірде-бір гол соға алмады.
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов Ұлттар лигасының соңғы ойынынан кейін баспасөз мәжілісінде мәлімдеме жасады. Норвегиямен матч 0:5 есебімен аяқталған болатын.
«Қазір ғана киім ауыстыратын бөлмеде жігіттерге біздің осы турнирде жалғыз қателік жібермеген ойынымыз – Алматыдағы Норвегиямен алғашқы кездесу екенін айттым. Сол ойында бір ұпай еншіледік. Ал бүгінгі матчта қарсылас үнемі қысым көрсететін жақсы команда болды. Бірақ, бұл қысым түк емес, біз допты өзіміз жоқ жерден жоғалтып жаттық, тиісінше олар гол соғып жатты. Барлық гол болмашы қателіктердің салдарынан кріпі жатыр. Тек бүгінгі матчта емес, жалпы барлық ойында осындай болды. Команда ойнағысы келеді, оны көріп отырмыз. Бұл ниеттеріне рахмет айттым. Ал мынандай жоқ жерден жіберетін қателікті келесі жылы түзеу керек. Осы жылы солай болды. Келесі жылы барлығын таза парақтан, жаңадан бастаймын. Енді жеребені күтеміз», - деді Станислав Черчесов.
Айта кетейік, Ұлттар лигасының B дивизионында өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы топтық кезеңде 6 матч өткізіп, небәрі бір ұпаймен жарысты аяқтады. Черчесов баптайтын команда осы алты матчта өз қақпасына 15 гол жіберіп, қарсылас қақпасына бірде-бір гол соқпаған. Келесі жылы олар бір сатыға төмен түсіп, C дивизионында ойнайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?