Украина Ресейге ATACMS зымырандарымен соққы жасады

Қараша 20, 2024 - 10:30
Украина Ресейге ATACMS зымырандарымен соққы жасады

Украина қорғаныс күштері алғаш рет Ресей аумағына америкалық ATACMS баллистикалық зымырандарымен соққы жасады. 19 қарашада дереккөзіне сілтеген "РБК-Украина" сайты осылай деп хабарлады.

Қорғаныс құрылымдарындағы дереккөздің айтуынша, соққы Брянск облысы Карачев қаласындағы әскери нысанға тиген. Ресей күштері бұл жайлы әлі пікір білдірген жоқ.

Карачев Украина шекарасынан шамамен 130 шақырым жерде орналасқан деп жазды РБК.

Украина қарулы күштері бас штабының мәліметінше, 19 қарашаға қараған түні Брянск облысындағы Карачев маңында 1046-жабдық орталығының арсеналы жойылған. Шабуылдан соң 12 рет жарылыс болған. "Украинаға қарсы қарулы агрессияны тоқтату мақсатында Ресей армиясына арналған оқ-дәрі қоймаларын жою жалғасады" делінген штаб хабарламаcында.

Алайда Украина бас штабы 24-телеарнаға берген жауабында Ресей аумағын атуға ATACMS зымырандарын қолдануға байланысты "мұндай ақпарат жоқ" деп мәлімдеген.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жанындағы жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының басшысы Андрей Коваленко Брянск облысындағы арсеналда артиллерия оқ-дәрілері, соның ішінде Солтүстік Кореядан жеткен снарядтар сақталған деді. "РБК-Украина" мәліметінше, қазан айында бұл қоймаға Украина дрондары шабуыл жасаған.

17 қарашада көптеген Батыс басылымдары АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украинаға Ресей аумағын АҚШ қаруымен атқылауға рұқсат берді деп хабарлады. Ақ үй бұл туралы әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "мұндай шешім шынымен мақұлданып, Киев режиміне хабарланған болса, онда бұл жағдай шиеленіскенін және АҚШ-тың қақтығысқа араласқанын көрсететін жаңа бір жағдай екенін білдіреді" деді.

Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow