Алматыда «Қонаев мінген» көлік сатылымға шығарылды
Көліктің тұрғанына 30 жылдан асқан.
Kolesa.kz сайтында Дінмұхаммед Қонаев мінгені айтылған ГАЗ 14 «Чайка» көлігі сатылымға қойылды, деп хабарлайды Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Көлік иесінің айтуынша, Қонаев Талдықорған облысына барған кезде осы көлікпен жүрген. Алайда нақты дәлелі жоқ.
«Бұл көлік Талдықорғандағы коммунистік партияның меншігінде болды. Жеке тұлға ретінде көліктің бірінші иесі өзім. Көліктің тұрғанына 30 жылдан асты», дейді көліктің иесі.
Осыған қарағанда сатушу жұрттың назарын көлігіне аударту мақсатында осылай жарнамалаған болуы мүмкін.
Қонаевтың ЗИЛ 114 көлігі қазір қазақстандық олигарх Кеңес Рақышевтың қолында. Көліктің Рақышевтың қолына қалай түскені журналистерді қызықтырып, 2023 жылы зерттеу жүргізіп көрген.
Анықталғандай, көлік Қонаев қайтыс болғаннан кейін Халықаралық Қонаев қорына табысталған. Ал 2004 жылы генерал Амангелді Шабдарбаевтың өтініші бойынша Президент әкімшілігінің гаражына уақытша сақтауға берілген. 2013 жылы гараж жабылғаннан кейін генерал Шабдарбаев көлікті Кеңес Рақышевқа берген.
Қонаев қоры бірнеше мәрте кәсіпкерден көлікті қайтаруын өтінгенімен, Кеңес Рақышев қорға тиесілі көлікті қайтармаған.
Айта кетейік, Газ 14 көлігі 1977 жылдан 1988 жылға дейін Горький автомобиль зауытында қолмен құрастырылған үлкен класты кеңестік автомобиль. Өндірістің 11 жылында 1114 дана ГАЗ-14 автокөлігі шығарылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?