Балаларына мысықтың етін жегізген шымкенттік емшіге сот үкімі шықты
Сот анықтағандай, ол созылмалы және психикалық аурумен ауырады.
Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық сот отырысында Ұлықбек Смановқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Қалалық сот хабарлағандай, мамандандырылған ауданаралық сотта ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау), ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1) ,2) тармақтары (азаптау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы өтінішхатымен келіп түскен қылмыстық іс қаралды. «
Сот анықтағандай, сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, У.Сманов созылмалы және психикалық аурумен ауырады және өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болған. Бұл жағдай заң бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуды жоққа шығарады. Сот ҚК-нің 16-бабына сәйкес У.Смановты қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған мамандандырылған психиатриялық стационарда емдеуге мәжбүрлеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ Шымкент қалалық полиция департаментіне балаларды психикалық аурумен ауыратын адамның қамқорлығына беру фактісі бойынша жеке қаулылар шығарылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?