Үш елдің азаматтығын алған: Германияда көз жұмған Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі туралы тың дерек шықты

Айгүл болашақ жарымен университет кітапханасында танысқан.

Маусым 19, 2024 - 09:02
Маусым 19, 2024 - 09:38
Үш елдің азаматтығын алған: Германияда көз жұмған Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі туралы тың дерек шықты
Фото: Тоғжан Есенбаеваның жеке мұрағатынан

Бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның Германияда із-түссіз жоғалып, кейіннен мүрдесі табылғаны белгілі. Опат болған отандасымыздың жақын құрбысы Айгүлдің отбасылық өмірі жайлы айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, бала тәрбиесі мен қаржылық мәселелерге қатысты отбасында үнемі кикілжің туындап отырған.

Студент кезден құрбымыз

«Айгүлмен Шеффилд қаласында «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жүрген кезімде танысқан едім. Сол уақытта ол да, мен де тіл үйрену курсынан өтіп жүрген едік. Танысқан сәттен-ақ өте жақын достық қарым-қатынас орнады. Ол менен екі жас үлкен, біздің қарым-қатынасымыз апалы-сіңлілер арасындағы байланысты еске түсіретін. Ол қайырымды, елгезек еді. Кез келген уақытта барлық студентке қол ұшын созуға тырысатын. Кітапханада жиі жолығатынбыз. Осындай достық қарым-қатынасымыз оқуымды аяқтап келгеннен кейін Қазақстанда да ұласты. Ол сол кезде Астанада жұмыс істеп жүрген-ді. Адам ретінде ол жайында тек жақсы жақтарын ғана айта аламын. Өте қайырымды жан болатын, достары да көп еді. Қазіргі уақытта сол кезде бізбен бірге білім алған, оны танитын, сонымен қатар әріптестері де маған жазып жатыр. Ол үнемі күліп жүретін. Барлығы да оның елгезектігін, ашықтығын, мейірбандығын айтып жатыр. Оның харизмасы да ерекше еді. Өте қатаң судья лауазымына қарамастан достарына да, туған-туыстарына да уақыт табатын», — деп еске алады Айгүлдің құрбысы Тоғжан Есенбаева.

Кітапханадағы таныстық

Оның айтуынша, Айгүл болашақ жарымен университет кітапханасында танысқан.

«Олардың таныстығына куәмін. 2015 жылы көптеген студент сияқты біз де уақытымыздың біраз бөлігін кітапханада өткізетін еді. Айгүл дәл сол жерде болашақ жарымен жолықты. Олар қарапайым студент болатын. Араласа бастағаннан кейін араларында махаббат сезімі оянған», — деді Тоғжан.

Тоғжан құрбысының кездесіп жүрген жігітінің нақты жасы нешеде болғанын білмегендігін айтады.

«Адамдар олардың жас айырмашылығы болғанын талқылап жатыр. Менің білуімше, Саша танысқан кезде өзінің нақты жасы қанша екендігін айтпаған, тек 1-2 жас үлкен екендігіне емеуірін танытқан. Оның жаман ойы болды деп ойламаймын, танысқысы келген шығар. Жасым 22-де дегенмен, 18-19 жаста болған. Ол бакалавриаттың 1 курс студенті болды. Олардың кітапханада үнемі бірге отыратындығын жиі көретінбіз. Сол жылы кездесуіміз үнемі сол жерде өтетін. Айгүл екеуіміз спорт залына немесе тамақтануға бірге барғанымызбен, оны Сашамен тек кітапханада көретін едік. Саша «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты емес. Білуімше, Талдықорған тумасы. Сол уақытта ол Қазақстан азаматы ретінде білім алып жүрген», — деді ол.

Жақсы жігіт сияқты еді…

Тоғжанның айтуынша, Александр өзін жақсы жігіт ретінде көрсете алды. Оның Айгүлмен арадағы сезімі шынайы әрі махаббатқа толы көрінетін.

«2016 жылдың қыркүйегінде, тіл үйрену курсын аяқтап, магистратурада оқуымды бастаған кезде Айгүл маған Сашаның жатақханасына барып, бөлмесін жинауды, кілтін тапсырып, қандай да бір кітаптарды алып келуімді өтінді. «Не болды?» деген сауалыма ол төтенше жағдай болғанын, Сашаның бір студентпен төбелесіп қалғанын айтты. Айгүлдің айтуынша, Саша бір жігітті ұрып, ол арыз жазған. Біз өзге елден келген студент болғандықтан мұндай қылыққа жол беруге болмайтын. Сондықтан Сашаны 24 сағаттың ішінде елден шығарып жіберді. Ол оқуын аяқтаған жоқ. Кейінірек ол оқуын Мәскеуде жалғастырды. Сол уақытта Айгүл Қазақстанда болатын. Ол Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының судьясы болып тағайындалған еді және олардың қарым-қатынасы қайта жалғасты. 2018 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін Айгүлмен жиі кездесіп, әңгімелесіп тұратынбыз. Ол Мәскеуге жиі ұшып баратын, сүйіктісі де жиі келетін. 2019 жылы Саша Астанаға келіп, құрбыларыммен бірге күтіп алдық. Сол уақытта оның Айгүлмен қарым-қатынасының жақсы екенін байқадым. Ол тәрбиелі, білімді жігіт көрінді. 2019 жылдың соңында олар шаңырақ көтеруге шешім қабылдады. Сол уақытқа дейін Айгүл оның анасымен, туған-туыстарымен танысып үлгерген болатын. Ол сүйіктісінің ағасының Санкт-Петерборда өткен үйлену тойына барып, отбасылық іс-шараларына қатысатын», — деді ол.

Тоғжан құрбысының сауатты заңгер болғанын және тұрып жатқан елдің заңдарын зерделеп, жұмыс табуға тырысқанын айтады.

«Александрда әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығы бар. Ал біз Қазақстанға қос азаматтыққа тыйым салынғанын білеміз. Дегенмен, ол Германияның да азаматы. Ресейдің де азаматы деген сөз бар. Ол Ресейдің де азматы сияқты. Өйткені, ол қызына ресейлік паспорт жасатқан. Бәрі таяуда ғана болып тұр. Айгүл қызының құжаттарына қол жеткізе алмады. Ол құжаттарды Ресей елшілігі арқылы жасатқан. Демек, ол сол елдің азаматы», — деді Тоғжан.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow