«Рэпті 50-ден асқан соң айта бастадым»: «Рэпер апаның» кім екені белгілі болды

Қазан 3, 2024 - 11:57
Қазан 3, 2024 - 12:40
«Рэпті 50-ден асқан соң айта бастадым»: «Рэпер апаның» кім екені белгілі болды

Рэп орындап, желіні шулатқан заманауи апаның кім екені белгілі болды, – деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі. 

TikTok желісінде Gangsta's Paradise рэпін орындаған апаның видеосы қызу талқыға түсіп, бір күнде 4 миллионға жуық қаралым жинады. Көпшілік апаның өнеріне тәнті болып, жылы пікірлерін жаудыруда. 

Желіні жарған "рэпер апа" – Алматы облысы Қаскелең ауданы Жетісу ауылының тумасы Мейрамкүл Ходжашова. Алғашқы мамандығы бойынша ағылшын және француз тілдерінің мұғалімі және екі жыл АҚШ-тың Джорджия университетінде магистратураны тәмамдаған. Ал негізінен 17 жыл ғұмырын қоғаммен байланыс саласына (PR менеджер) арнаған жан. Бүгінде үш баланың анасы.

"Ән айтуды бұрыннан жақсы көремін. Жас кезімнен әпкем мені хорға, ансамбльдерге, биге беріп, өнерге тартқан. Дегенмен музыкалық білімім жоқ. Бұл менің хоббиім десем болады. Рэпті мен 50 жастан кейін айтып көре бастадым. Барлық әндерді орындай бермеймін, мағынасына қараймын, кейде әуені тым қатты ұнаса, мағынасына мән бермеймін. Мысалы, 50cent-тің PIMP әнін ұнатамын" – деді ол өзінің өнері жайлы. 

@salamat.orynbaev #рек ♬ оригинальный звук - Salamat.Orynbaev

Желіде хит болған видеода ол туысқанының тойында болғанын, әртіс ретінде емес, қонақ ретінде өнер көрсеткенін айта кетті:

"Осы өткен жексенбі күні (29 қыркүйек) бөлемнің кенже баласы үйлі болып, соның тойына бардым. Алдында да желіде осы Кулионың (Coolio, Gangsta’s Paradise) әні танымал болған еді. Сондықтан жастар осы әнді айтып беріңіз деп жиі сұрайды. Жалпы бүгінгі таңда әлеуметтік желіні қолданбайтын адамдар жоқтың-қасы шығар. Менде Тик-ток, Инста, ФБ бар. Сол жерлерге анда-санда видеоларды салып отырамын. Бірақ өзім салған видеолар бұндай резонанс тудырмайды. Неге екенін білмедім. Тек бір видео 1,5 миллион көрілім жинады. Ол – Қайрат Нұртаспен әннің қайырмасын қосылып айтқан видео. Ал кешегі видео мұндай үлкен талқыға түседі деп ойламадым. Себебі бұның алдында екі-үш рет осындай видеолар тараған еді. Ендігі халық мені танып та қалған болар деп ойлап жүрген едім" – деді Мейрамкүл Ходжашова. 

Сондай-ақ ол өзінің сүйікті рэпері Эминемнің 12 композициясын орындайтынын алға тартып, алдағы уақытта кумирінің концертін көру үшін Дубайға жол тартатынын айтты:

"Рэп өнерінде менің кумирім Эминем. Мен оның шамамен 12 композициясын орындаймын. Мен 50 жасқа жақындағанда караокеге бара бастадым. Караокеде ән айтып, өнерден, әннен ерекше ләззат алып, көңілім толып қайтамын. Рэпте ең бастысы, ритм мен текстің ағымын дұрыс айта білу керек. Мен оған еш жерде үйренген жоқпын, тек қайта-қайта әнді тыңдап, жаттықтым. Көбі ағылшын тілімнің деңгейіне таңғалып жатыр. Десе де, менің акцентім бар. Бірақ жалпы тіл деңгейім өте жоғары деп санаймын. Мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Құдай қаласа, желтоқсан айында Дубай қаласында болатын Эминемнің концертіне барамын деп жоспарлап отырмын", – деп қосты ол.

"Рэпер апаның" өнеріне тәнті болған жұрт түрліше пікір жаудыруды. Оның арасында хейт білдіріп жатқандар да бар дейді Мейрамкүл ханым:

"Менің ойымша, саясат болсын, өнер болсын, бизнес болсын – кез келген істе халқыңның қолдауы болмаса, ол іс ілгері жүрмейді, дамымайды. Сондықтан мені қолдап, қуат беріп жатқан достарыма, замандастарыма алғысым шексіз. Менің кіші сіңлім бар. Жасы кіші болса да, ол өте ақылды. Сол сіңлім ылғи айтады: "сен бәріне ұнайтындай ақша, алтын емессің" деп. Әр адамның талғамы әртүрлі болады. Сондықтан менің бұл ісімді ұнатпай, ерсі көретін адамдар да бар. Мен оларға көңіл бөлмеуге тырысамын. Дегенмен адам баласы болғандықтан, кей сөздері жанға батады. Менің ойымша, осы жағымсыз комменттерді көбінесе өздері бақытсыз адамдар жазады. Өмір өте қысқа, мен өмірде өзіме ұнайтын, маған ләззәт әкелетін істермен айналысқым келеді, маған ұнайтын, қуаныш сыйлайтын адамдармен араласқым келеді. Басқаға менде уақыт жоқ. Негативке менде уақыт жоқ" – деді ол хейтерлерге. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow