«Үш мың теңгеге сатып алуға болады»: ҚазҰУ-дағы «пәк қыздар тізімі» Еуропаға жетті
«Virgo атанған қос жолдас қызым тоқтаусыз қоңыраулатқан еркектердің мазағына айналды, мазасынан айырылды».
«Пәк қыздар тізіміне» қатысты дау-жанжал батыс әлемінің алаңдаушылығын туғызып отыр. Бұл туралы Германияның жетекші ақпарат құралы Deutsche Welle жазды, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы inbusiness.kz-ке сілтеме жасап. Басылым сорақы оқиғаның қалай болғанын баяндап жазған.
«Жанжалға басқа жайт тамыздық болды: бірқатар қыздың аты-жөнінің қарсысында «virgo» деген анықтауыш жазылған. Гинекологтар тексеріс қорытындысында пәктігі бұзылмағаны белгілі болған қыздарды осылай атайды. «ҚазҰУ пәк қыздарының тізімі» деген атау алған құжаттар WhatsApp арқылы лезде сыртқа таралып кетті», – деп хабарлады Deutsche Welle еуропалық аудиторияға.
Батыстың ақпарат құралдары тізімнің тарауына университет басшылығының және ел Үкіметінің қалай үн қатқанын келтірді.
Олардың хабарлауынша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректораты тізімнің тарап кетуіне тексерісті жүргізген медициналық орталықты кінәлап, бар айыпты соған аударды. Қызметтік тексерістің басталғанын мәлімдеумен, студенттердің құқықтарын қамтамасыз етуді сұрап, прокуратураға өтініш бағыттаумен шектелгенін жазады. ҚазҰУ-дың зардап шеккен студент қыздарға өтемақы мәселесі шешілетінін уәде еткенін еске салды. Алайда қандай өтемақы жасағанын жария етпеді.
Үкіметке келсек, шетелдік ақпарат агенттіктері дербес деректердің сақталуына жауапты, бірақ аталған тізімдердің жайылуына тоқтау сала алмаған Цифрлық даму министрлігінің мәлімдемесін келтірді. Бағдат Мусиннің ұжымы тізімнің жариялануы дербес деректерді қорғау туралы заңды бұзу болып саналатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде, Ішкі істер министрлігі медициналық құпияны құрайтын дербес деректер мен мәліметтердің таратылуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
«Жанжал бұрқ еткелі бір айдай уақыт өтті. Ақпан оқиғасын ақырындап көлеңкеде жасырудың амалдары ең жоғары деңгейде жасалып жатқан жоқ па деген күмән-күдік туды. Сондықтан бірнеше БАҚ «пәк қыздар тізіміне» қатысты істі тергеудің қалай жүріп жатқаны туралы сұраумен жүгінді. Осы салаға жауапты Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбектің келіп түскен сұраққа жауаптары журналистерді қайран қалдырды», – деп жазады германиялық DW басылымы.
Неміс ақпарат құралдары тізімде аттары аталған шәкірт қыздарды тауып, пікірін сұрапты. ҚазҰУ-дың үшінші курс студенті Әйгерім министрдің жауабынан қатты түңілгенін жасырмады. Журналистермен әңгімесінде Әйгерім министр Саясат Нұрбектен айыптылардың қатаң жазаланатыны, мұндайға бұдан былай жол бермеу шараларының қабылданғаны, ең құрыса, гинекологиялық тексерістерден өтуге тыйым салынатыны туралы мәлімдеме күткенін жеткізді.
«Біздің бәрімізді сондай тексерістен өтуге мәжбүрлейді. Бізге айтады: «егер ЖОО жанындағы медициналық орталықта тиісті тексеруден өтпесеңдер, сессияға жібермейміз!» дейді. Бірінші кезекте, ауыл-аймақтан, өзге қалалардан келген қыздарға қысым жасайды. Алматылықтарға, яғни өз баспанасында не ата-анасымен тұратын қыздарға көп тиіспейді», – деген Әйгерім жаңа бір жайтты қаперге салды: жұрт арасына таралып кеткен тізімдерде университеттің басқа факультеттері қыздарының да дербес деректері бар екен.
Бірақ «мехматтан» айырмашылығы сол, өзге факультеттердің қыздарының тұсында «virgo» деген жазу болмаған. Есесіне, олардың дербес деректері, тіпті ұялы телефонының нөмірлеріне дейін көрсетілген. Салдарынан, қыздарға нөмірін ауыстыруға тура келуде.
Қырындаушы қызыл көзділердің, былайғы бұзақылардың қарекетін қоспағанда, тізімдегі қыздар «сол дербес деректерді пайдаланып, өз үстінен алаяқтар кредит рәсімдеп алады, жалған фирмалар тіркейді», деп қорқады.
Журналистермен сөйлескен студент қыздар нағыз айыптылардың қандай да бір салмақты жаза тартатынына, әділеттіліктің орнайтынына сенбейді екен.
«Мысалы, «пәк қыздар тізімінің» әлеуметтік желіде сол бойы таралып жатқаны, Цифрлық даму министрлігінің жедел түрде оның бәрін бұғаттамағаны көп жайттан хабар береді. Оның толық нұсқасын 3 мың теңге төлеп, сатып алуға болады. Мен оның соңы неге соқтырып жатқанын көріп отырмын. «Мехматтағы» virgo атанған қос жолдас қызым тоқтаусыз қоңыраулатқан еркектердің мазағына айналды, мазасынан айырылды», – деген студент қыз германиялық басылымға «университеттің бұл тақырыпты ары қарай өзара талқылауға да қатаң тыйым салғанын» мәлім етті.
Сіздің реакцияңыз қандай?