Прокурор Салтанат Нүкенова өлтірілген күні не болғанын айтып берді
Іш-киім мен зергерлік бұйымдарынан басқа барлық киімдерін шешіп, олар тұрған бөлмеге тастаған.
Салтанат Нүкенованы өлтірген күні Қуандық Бишімбаев екеуі бірге концертке барған, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Концерт барысында Нүкенова мен Бишімбаев сөзге келіспей қалады. Концерттен шыққан соң жұп арасындағы жанжал ұдая түседі.
Концерттен шығып кеткен екеуі «Bau» мейрамханасына барған. Олар шарапқа тапсырыс берген. Жанжалдан соң Нүкенова бұл қарым-қатынастан шаршағанын және ақыры одан кетуге шешім қабылдағанын айтқан. Бұл факт туралы Нүкенова өзінің ағасына да хабарлаған.
9 қараша күні сағат 00:30 қарай Бишімбаев пен Нүкенова алкоголь ішкеннен кейін осы мекемеден шыққан. Алайда Бишімбаев Нүкенованы ас үй арқылы мейрамханаға қайта кіргізеді. Онда Нүкенова №1 VIP залға өтеді. Ал Бишімбаев барға барып, шарап бөтелкесін алып, оның артынан барады.
Осы уақытта мейрамханада 2 жұмысшы болған. Олар түнде жөндеу жұмыстарымен айналысқан. Мейрамхананың қабырғалары мен бағандарын бояған, деп жазады el.kz.
"Бишімбаев «сен жеңілтек қызсың» (ред. чайка) деп Нүкенованың ар-намысын, қадыр-қасиетін қорлаған. Жанжал барысында Нүкенованың сатып алған заттарын тізбектеп, өзіне тәуелділігін пайдаланып, оның намысын таптаған. Іш-киім мен зергерлік бұйымдарынан басқа барлық киімдерін шешіп, олар тұрған бөлмеге тастаған. Бишімбаев жанжал барысында бірнеше мәрте Нүкенованың басынан ұрып, жұдырық жұмсаған. Шашынан тартып қорлаған", - деп мәлімдеді прокуратура.
Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген экс-ұлттық экономика миниситріне Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру), Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы – адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру) бойынша айып тағылып отыр.
Бұдан бөлек Бишімбаев Нүкенованы интимдік видеоға түсуге мәжбүрлеген. Кейін бопсаламақ болған. Прокурордың айтуынша, Бишімбаев қол көтергенін Салтанат өзінің туыстарына айтқан. Мұны білген соң Бишімбаев та компромат керек деп шешіп, Нүкенованы видеоға түсуге мәжбүрлеген.
"Айыптау актісі маған түсінікті, бірақ айыптаумен келіспеймін, өзімді кінәлі деп санамаймын. Менің жалғыз өтінішім — соттың ашық түрде, БАҚ қатысуымен өтуін сұраймын", - деді Қ.Бишімбаев.
Сіздің реакцияңыз қандай?