Полиция Талғардағы оқиғаның толық видеосын жариялады
Жанжалдың сыра үшін басталғаны дәлелденбеді.
Алматы облысының аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында Талғар ауданында жасалған қылмыстың тергелу жағдайына арналған баспасөз конференциясы болды. Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне Шерзат Болаттың ісі бойынша "жойылды" деген видеоның толық нұсқасы көрсетілді, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Алматы облысының аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында Талғар ауданында жасалған қылмыстың тергелу жағдайына арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Шарада ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов және Алматы облысының прокуроры Берік Адамов сөз алды. Баспасөз мәслихатында полиция қызметкерлері "жойып жіберді" деген видео көрсетілді. Ішкі істер минисрінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Айысов видеоның әр кадрына тоқталды.
“Ол екі бөтелке сыра, төрт қорап темекі алды. Ал мына жігіт, марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай. мына жерде ақшасын аударып жатыр. Интернетке байланысты шамалы уақыттан кейін ақша түседі. Міне көрсетіп жатыр. Бірінші түскен жоқ дейді. Содан кейін барып түскен. Kaspi транзакцияларын тексердік. Бұл жерде ресми түрде дәлелденген. Артынан тағы бір бөтелке сыра алды. Оны қолма-қол ақшамен берді. Міне, 1000 теңге алып шықты. Осы жауапты күдікті адамда беріп отыр. Ал оның арғы жағында келген адамдар Талғар тұрғындары. Олардан да қылмыстық іс аясында жауап алынып жатыр", - дейді ішкі істер минисрінің тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Айысов.
Айысовтың айтуынша, қазіргі уақытта 10 адам күдікте ретінде ұсталған. Екеуі тергеуде отыр.
Қылмыстық іс бойынша ұсталған күдіктілердің ішінде бұрын қылмыстық іспен өткен адамдар да бар. Сотталғандар да бар. Қылмыстарының түрлері бұзақылық.
Сондай-ақ ол Шерзат Болаттың үйін өртеген жерден қолғап пен канистр табылғанын айтты.
«Шерзат Болаттың үйін өртеген жерден қолғап пен канистр табылды, тергеу өрттің себебі өрттің сыртқы көзі екені анықталды», – дейді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.
Мамандар өрт ошағы үйдің сыртында деген қорытындыға келген. Сыртқы өрт көзі пайдаланылған болуы мүмкін. Оқиға орнынан табылған канистр мен қолғапқа сараптама жүргізілуде.
Ал Алматы облысының прокуроры Берік Адамов аталмыш іске қатысты соттың ашық түрде өтуі мүмкін екенін айтты.
«Жәбірленуші тарап сотты ашық өткізуді талап етті. Өз тарапынан прокурор сотты ашық түрде онлайн өткізу жөнінде өтініш береді», - деді прокурор.
Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің мәліметінше, бейнежазба жәбірленуші мен айыпталушы арасында дүкен ішінде ешқандай қақтығыс болмағанын растайды. Демек "әңгіме бір банка сыра жайында болмаған" дейді.
Екі қыздың да жанжалға қатысы жоқ
Брифингте журналистердің бірі тұрғындар түсірген видеодағы екі қыз баланың әрекеттеріне қалай баға берілгенін сұрады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтің айтуынша, видеодағы екі қыздың әрекеттері анықталып жатыр.
«Екі қыз баланың әрекеттерін көріп жатырмыз. Егер ол қыз балалардың тағы да қылмыстық құрамдағы істеген әрекеттері белгіленсе, оларға да міндетті түрде шара қолданамыз» – дейді Әленов.
Сіздің реакцияңыз қандай?