«Бұтын ашып ұлтты қорлайтындарға қарсы күресті күшейтіңіз!»: Белгілі заңгер киіз үйдегі арсыз биге пікір білдірді

Маусым 18, 2024 - 16:14
Маусым 18, 2024 - 16:18
«Бұтын ашып ұлтты қорлайтындарға қарсы күресті күшейтіңіз!»: Белгілі заңгер киіз үйдегі арсыз биге пікір білдірді

Желіде Әлишер есімді биші-блогердің киіз үйде түсірген бейәдеп биі шу тудырып жатыр, деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Үстіне оюлы қамзол киіп билеген екі қыз бен бір жігіттің ерсі биін желі қолданушылары шектен шыққандық деп бағалаған. Көбі «бұлар ұлттық құндылығымызды қорлап, ар-ұжданымызға нұқсан келтіру мақсатын көздеген» деп санайды. Сондай-ақ түсірілім тобын тауып, жазалап, айыппұл төлеуге міндеттеу керек деп жатқандар да бар.  

Ал бишінің өзі бұл бидің хай хилс (high heels) деген жанр екенін әрі оның ерсі би емес екенін айтады.  

«Осы бейне жазбамды жариялаған соң, жұрт көп хейт пікірлер жаза бастады. Өзім қазақ болған соң, Қазақстанда, Алматыда тұрған соң, әке-шешем қазақ болған соң, бұл қадамның өте батыл шешім екенін айта аламын. Бұл «ұлттық құндылықтарды қорлау» деп санамаймын. Мұның өзінде ирония бар. Шығармашылық адамдарын жай адамдар ұға бермейді. Олардың әлемі басқа. Тәуекелге бармай, батыл болмай, жаңалық ашылмайды», – деп пікір білдірген ол өзінің парақшасында.

Бұған қатысты заңгер Айгүл Орынбек пікір білдіріп, үкіметке үндеу тастады.

«Уа, Олжас Бектенов басқарып отырған «Естуші Үкімет»!. Ұлттық мәдениетініміздің атрибуттарын қорлап, ұлттың ашуына тиетін провокаторларға қатаң заң керек!
Қылмыстық кодекстің 174-бабына өзгерістер енгізу керек! «Ұлттық нақыштарға» деген сөзді қосу керек! Өзбекстан, Қырғызстанда бұларды осылай бұттарын ашып талтаңдатып билетіп қоймайды. Ал Қазақстанда әркім білгенін істеп жатыр. Бұл арсыздарға «тоқта» деп айтатын бұл елдің үкіметі қайда қарап отыр?», деп жазды ол.

Ашуға булыққан заңгер Аида Балаева мен Ержан Сәденовке де бұйыра сөйледі.

«Мәдениет министріміз Аида Балаева ханым! Қазағымды қорлайтындар қашанғы сахнада, экран беттерінде осылай тайраңдайды? Қолына микрофон ұстағандармен емес, бұтын ашып ұлтты қорлайтындарға қарсы күресті күшейтіңіз! Ал әзірше, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабымен іс қозғаңыздар, Ержан Сәденов мырза! Ұлттың арасында алауыздық туғызғаны үшін, бұлар жай кешіріммен құтылып кетпеу керек! Етегі жиналмайтын, кім көрінгендер қорлай беретін сорлы ел болдық!», деді Орынбек.

Әлеуметтік желі оқырмандары заңгердің сөзіне «Баян апалары бастап берген», «Өзбекстанда жасасын елден депортация жасайды», «Өте дұрыс, түнгі клубта білеп жатқандай тайраңдап, ұлттық киім қорлап», «Жалпы қазақ тектілігін бұзу саясаты оңай іске асырылуда», деген мазмұнда түрлі пікір қалдыруда. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow