«Өзгерткім келмейді»: министр телефон кодының +7 болып қала беретінін айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы телефон кодын өзгертуге қатысты ұстанымын айтты, деп жазады Stan.kz.
“Менің азаматтық ұстанымым: мен нөмірлерді +7-ден +9-ға ауыстырып отырғым келмейді. Мен қосымшаларға нөмірімді тіркеп қойдым. Мен оны өзгерткім келмейді. Байланыс операторларымен бірлесіп жүргізіліген консультациялардың нәтижесінде қаржылық, экономикалық және техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, +7 деңгейінде қалу керек деген пікірге тоқталдық”, – деді Жаслан Мәдиев.
Журналистер қазір Қазақстанның Ресеймен бір префиксте екенін атап өтті. Олардың “Қазақстан үшін кейбір бағдарламалық жасақтамаға салынған санкцияларға байланысты шектеулер қауіпті емес пе?” сауалына министр: “Бұл мәселені байланыс операторлары да зерттеді, ауқымды кеңестер жүргізіліп, қаржылық және техникалық мәселелер сараланды. Сондықтан байланыс операторларымен +7-ні қалдырған дұрыс деген шешімге келдік. Санкцияларға келетін болсақ, мен бұл тұрғыда ешқандай қауіп көріп тұрғаным жоқ”, – деп жауап берді.
Сіздің реакцияңыз қандай?