Батыс Қазақстандағы Ресей полигонының зардабынан қазақ балалары мүгедек боп туылып жатыр
Бәрі полигонның кесірі деп ойлаймын. Сол жылдары көп бала мүгедек болып дүниеге келді. Диагноздары әр түрлі болғанымен ерекше болып туылды.
Қазақстанның батысында орналасқан Бөкей ордасының тұрғындары Ресейдің Капустин Яр полигонының зардабын шегіп келеді, деп Stan.kz.
Зымыранды сынақтан өткізгеннің салдарынан қызы жарым жан болып туылғандардың бірі Айман Айтмағанбетова. Айтуынша, қызы Ұлбике 1995 жылы ерекше болып дүниеге келген.
“Туылғанда балалар милық салдануы (ДЦП) деген диагноз қойылды. Қазір 30 жасқа кеп қалды. Жақсы, жаманды ажырата алмайды. Қазір 30 жастағылардың балалары бар. Дәретханаға барады, өзі тамақ ішеді, ойнап жүреді. Ақыл-ойы кішкентай баланікіндей. Оқыған да жоқ. Тек менің қолымда болды. Бір жақ қол-аяғы қисық. Барлық жерге апарып қараттық. Психдиспансерде де жаттық. Зейнетке шығарамыз деп әр екі жыл сайын психдиспансерге жатқызады. Сөзінің жартысы бар, жартысы жоқ. Бірақ ашуы жаман. Ызаланса бәрін лақтырып, быт-шытын шығарады. Терезе сындырып, есікті де бүлдірді. Үстіндегі киімін жыртып, түкіреді. Ашуланса күші көбейіп кетеді. Сондай кезде өзінің шашын жұлып тастайды. Сөйткен соң жұлуға келмейтіндей етіп қиып тастадым. Ешқайда бере алмадым. Беріп тастасам өзімді кінәлі сезінетіндей болдым”, – дейді Айман Айтмағанбетова.
Саралжын ауылының тумасы Айнұр Асанғалиева да ұлының сал болып туылғанын айтады. Саятқа Даун синдромы деген диагноз қойған. Анасының айтуынша, үш қызының дені сау. Алайда жалғыз ұлының осындай диагнозбен өмір сүріп келе жатқанына 17 жыл болған. Саят бәрін түсінеді, бірақ жауап бере алмайды. Айнұр Асанғалиева да ұлы есейген сайын күші де көбейгенін айтады. Бірақ бұзақылығы жоқ дейді.
Бөкей ордасынан көшіп келген Дариға Шоқаева да қызының туғаннан зағип екенін айтады.
“Есімім – Оразбекқызы Жеміс. Батыс Қазақстан облысы Оралда зағып жандарға арналған мектепте оқыдым. Жасым 27-де. Ақтөбеге оқуға түстім. Үйдегілер апарып тастаса, өзім оқимын”, – дейді Жеміс.
Жергілікті шаруа қожалығының жетекшісі Нағым Тәжімұратовтың айтуынша, 10 метр тереңдікке барып жарылған зымыраннан осындай қалдықтар ұшады.
“Бұл ысып барып шөпке түскенде гектарлап жер өртеніп кетеді. Соның зияныны осындағы халық көреді. Бұл қалдықтар 600-700 метрге дейін ұшып барып түседі. Өрт қаупі жоғары. Атырау облысы Сүйіндік совхозында асыл тұқымды қой совхозы болды. Бір жылдары зымыран қалдығының кесірінен мыңның үстінде қой өртеніп кетті. Ракета атып жерімізді шұрық-тесік етті. Кез келген жерде тап осындай апаннан малдар су ішті. Ол малдың етін халық жеді. Бөкей ордасы ауданы бойынша 500-ге жуық мүгедек адам бар. Округ бойынша 30 жарым жан адам тіркеуде тұр”, – дейді Нағым Тәжімұратов.
Құрманғазы ауылының тұрғыны Лариса Қуанышқалиқызы да полигонның кесірінен қызына Даун синдромы деген диагноз қойылғанын айтады. Құрсағына сәби біткенде де, жүктілік кезінде де баланың мүгедек екенін білмеген.
“2007 жылы бала көтердім. УЗИ деген болмады ма, бізді ешқайда жіберген жоқ. Босанғанша осы ауылда болдым. Қалаға барып шілде айында босандым. Босанғаннан кейін барып баланың жарым жан екенін айтты. Бәрі полигонның кесірі деп ойлаймын. Сол жылдары көп бала мүгедек болып дүниеге келді. Диагноздары әр түрлі болғанымен ерекше болып туылды. Ауылда өзінің құрдастары бар. Үшеуі де мүгедек. Болашағы туралы ештеңе айта алмаймын. 9-сыныптан кейін тоқтайды, ары қарай оқымайды. Әлеуметтік қызметкердің қарауында қалады. Ән айтқанды жақсы көреді. Сырқатын ауыр қабылдадым. Жолдасым қолдау көрсетті. Дәрігерлер қызыңыз жай дамиды, жай жүреді, жай сөйлейді деп ескертті. Қазір 17 жаста. Ішімнен шыққан баланы ешқайда жібермеймін ғой. Осы күнге жеткізген Алла шүкір деймін. Сырқаты қызымдікінен де ауыр балалар бар. Оған қарағанда шүкір. Айтқанымды түсінеді, өзі де түсіндіреді”, – дейді Лариса Қуанышқалиқызы.
Сіздің реакцияңыз қандай?