Астана LRT-ның бұрынғы басшысына үкім шықты

Сонымен қатар Арданнан City transportation systems ЖШС-ның пайдасына 85 миллиард теңгеден астам материалдық шығын өндірілді.

Қараша 12, 2024 - 10:58
Астана LRT-ның бұрынғы басшысына үкім шықты

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Астана LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс сотталушыға қатысты халықаралық іздестіру жарияланғандықтан, оның қатысуынсыз сырттай қаралды. 

2016 жылғы 22 желтоқсанда LRT ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан қызметтің мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілетін теріс пайдаланып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 миллион АҚШ долларын заңсыз сұратқан. Қаражат түскен сәттен бастап олар жоба бойынша пайдаланылмаған.

2018 жылғы 26 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен банктің қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Осылайша, аталған жобаны іске асыру бұзылды, ҚМДБ-нен алынған қарыз қаражаты ЖШС-ға қайтарылмады және ақшалай қаражат нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай, City transportation systems ЖШС-на 85 миллиард теңгеден астам шығын келтіргендіктен, оның әрекеттері ауыр салдарға алып келді. 

Сондай-ақ А. бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

"Сот үкімімен Ардан ҚК 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚК 58-бабының 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар Арданнан City transportation systems ЖШС-ның пайдасына 85 миллиард теңгеден астам материалдық шығын өндірілді", - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Іс бойынша ЖШС алған мемлекеттік қарыз, шарт бойынша бақылау жүзеге асырылмағандықтан, ҚР Қаржы министрлігі тарапынан лауазымды тұлғалардың немқұрайлы фактісі бойынша прокурордың атына жекеше қаулы шығарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow