Ақтауда алқабилер есірткі сатқан полиция полковнигінің ұлын ақтап шықты

Мамыр 16, 2024 - 14:52
Мамыр 16, 2024 - 14:53
Ақтауда алқабилер есірткі сатқан полиция полковнигінің ұлын ақтап шықты

15 мамырда Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі сатқаны үшін айыпталған полиция полковнигінің ұлын ақтап алды, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Алқабилер сотталушыны қылмысқа қатысқаны туралы дәлелдің жоқ екенін айтып, ақтау үкімін шығарған.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылдың қазан айында сотталушы Ақтауда болған кезде психотроптық заттарды Telegram мессенджері арқылы таратуға тырысқан.

Сотталушы 2023 жылдың 8 қарашасында әртүрлі есірткілердің үлкен партиясымен және оларды сатуға арналған жабдықтармен ұсталған еді.

Айыптаушылардың нұсқасы бойынша сотталушының іс — әрекеттері ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігінің 1, 3, 5-тармақтарына, яғни «есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» тармақтарына жатады деп бекіткен. Ол үшін оған 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнген.

Прокурорлар екі куәгердің айғағы мен тергеу әрекеттерінің басқа хаттамаларын қоса алғанда, толық дәлелдемелер базасын ұсынған. Алайда, алқабилер жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша бұл дәлелдер сотталушының кінәсін растамайды деп шешкен.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және прокурорлар оған қайта шағымданамыз деп отыр.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow