АЭС-ті Қазақстан қарызға салуы мүмкін
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Сенат дәлізінде Қазақстанда АЭС-ті қарыз арқылы салуға, яғни бөліп төлеуге болатынын хабарлады, деп жазады Orda.kz.
Оның айтуынша, АЭС салуға қандай қаржы көздері жұмсалатыны әлі нақты емес. Дегенмен, бірнеше нұсқа бар. Мысалы, қарызға салып, бөліп төлеу.
«АЭС-ті салуды қаржыландыру нұсқаларының бірі — оны қарыз алу арқылы салу. АЭС-ті салатын компания құрылысты қарыз арқылы қаржыландыруға да келіседі. Сондықтан, қаржыландыруға ақша қажет болмауы мүмкін. Бірақ қазір біз бұл туралы нақты айта алмаймыз, өйткені кімнің салатыны жөнінде де түсінік жоқ», — деді Арман Қасенов.
Сонымен қатар, Қасенов АЭС Қазақстан үшін шығынды жоба болады деп санамайды.
«Тарифтерге тәуелді жоба қалай шығынды болады? Барлық энергия өндіруші жобалардың шығындары бар. Бұл шығындар тарифке енгізіліп, оның өтелуін қамтамасыз етеді», — деп жауап берді вице-министр.
Бұрын АЭС-ті кімнің салатыны туралы Роман Скляр пікір білдірген болатын. Ол бұл істі консорциумның қолға алатынын атап өтті. Ал Ресейдің қатысуы санкциялық тәуекелдер ескеріле отырып қарастырылады.
Сіздің реакцияңыз қандай?