Бекболат Тілеухан қарғаған ақын өмірден өтті

Қазан 18, 2024 - 09:21
Қазан 18, 2024 - 12:52
Бекболат Тілеухан қарғаған ақын өмірден өтті
фото: әлеуметтік желіден

Ақын әрі журналист Серік Боқан өмірден өтті, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.

Қаралы хабарды досы Тоқтарәлі Таңжарық Facebook парақшасында хабарлады.

“Кешір, Секе!..Ақын досымыз Серік Боқан қаза болыпты. Мына өмірде ешбір ереже мен тиымға бағынуға БОЛМЫСЫ сай келмейтін жандар болады. Секең, Серік Боқан сондай жан еді. Ол бұл өмірдің қулық-сұмдығын үйрене алмай-ақ кетті. Басын тауға да, тасқа да ұрды. Ақыры, діннен марқадам тапты… бәлкім, таппады. Өзін көп іздеді. Өзін сыйлайтын ортаны көп іздеді. Жолы болмады. Үнемі тығырыққа тіреле берді. Өзі де менің алдымнан бір кетпелтек томар кетпейді деуші еді. Шынымен, тап-таза еді. Тез жараланғыш еді. Онысын білдірмейтін. Өзін дәлелдегісі келетін. Дәлелдей алмады. Мына қоғамда ондай бөлек мінез, өзге жаратылыс иесіне орын жоқ еді. Өзі де төгіліп: «Баяғы сол жылдар недеген ізгі едің?!» дегеніндей, ол тек Балалық Шағында ғана бақытты болған шығар. Жазда Алматыда әлдебір базардан кезігіп қап, телефон алмасып, хабарласып тұрып едік. Өлеңдерін сұрағам. Осы әлеуметтік желіде саған іздеу салайын дегем. Келіскен. Өлеңдерін жіберген. Әңгімелесейікші, тек әдебиет туралы деген. Менің бір өлеңімді қатты сүйіп оқығанын айтқан. Амал не, сол өлеңдері уатсаптың қуысында қалыпты. Көп өлеңі жоғалған шығар. Әй, сақтамады-ау… Қазірше бір өлеңін жариялап қояйын. Рухың шат болсын, досым!” – деп жазды ол.

Серік Боқан – белгілі ақын, журналист. Екімыңыншы жылдары әдебиет табылдырығын аттаған Қалқаман Сарин, Бағдат Мүбәрак, Лира Қоныс, Ерлан Жүніс, Серік Сағынтай, Алмас Темірбай, Ырысбек Дәбей, Аягүл Мантай, Бейбіт Сарыбай, Ақберен Елгезек, Дархан Бейсенбекұлы, Төлеген Меллат, Құралай Омар секілді қаламгерлердің қатарласы.
Шығыс Түркістанда дүниеге келген. «Жас қазақ үні» газетінде, «Үн» журналында қызмет атқарған. Біршама республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Біраз уақыт «Асыл арна» телеарнасында да журналист боп қызмет атқарды.

Асыл арна демекші, Серік Боқан осыдан бірер жыл бұрын өзінің Facebook парақшасында Бекболат Тілеуханды пандемия кезінде халыққа көмектеспеді, оралмандарға қол ұшын созбады деген мағынада сын жазба қалдырған еді. Серік Боқанның өзін сынап сынап жазған постына Тілеухан мырза  ерін бауырына ала ренжіп,  журналисті тілдеп, қарғыстың неше атасын жаудырып аудио жіберген болатын. Тілеухан мырзаның бұл аудио жазбасы расы керек, көп адамның таңқалысын тудырып, тіптен «Бекеңдей адамның аузынан мұндай сөздер шығуы мүмкін емес!» дегендер болған еді.

Кейін бұл даудан Серік Боқан Бекболат ағасынан кешірім сұрап құтылды.

«Аса қадірлі Бекболат-аға! Жаздым, жаңылдым! Мен байғұсты құдай ұрып қалды. Кешіре көрші, Бек-аға! Қиналған кезде бәріміз өзіңді пана тұтып, алдыңа баратын ек. Бетімізді қайтарған кезің аз. Сіздің арқаңызда қажыға бардым. Қаржылай көмек беріп бақтыңыздар. Мен білмеппін, Қытай мен Өзбекстаннан, Мұңғұлиядан бас-аяғы 185 отбасын әкелгеніңізді. Осы коронавирустың кезінде 23 миллион теңгеге халыққа жәрдем етіпсіздер. Мұсылман болған соң рия қылып, жария етпепсіздер. Кейін білдім.

Мені шайтан түртті. Күйсеңіз күйгендей-ақ екен. Теріс батаңызды қайтып алыңыз, Аға!!! Ұйқым бұзылып, жаным қинала бастады. Қиянатымды кешіріп, іні қалпымда жаныңыздан аластамаңызшы! Алдына келсе, атасының құнын кешетін тектінің тұяғы едіңіз ғой! Мен жаңылдым. Сіз кешіре көріңіз! Сәлеммен Серік Боқан бауырыңыз» деп қарымта жауап жазды.

Бекболат ағасы да көпке созбай, кешірім жазбасын жариялады.

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ. Ініде ізет, ағада айбын болмаса, елден берекет қашпай ма? Серік бауырым кешірім сұрады. Мен наламды қайтарып алдым. Алла Алашты алауыздықтан, ағайынды араздықтан сақтасын! Әңгіменің нүктесі – осы!» - деген еді Бекболат Тілеухан.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow