«Ақпараттық шабуыл»: Басына бұлт үйірілген «Асар-Уме» қорының жетекшісі не деп ақталды? (ВИДЕО)
Белгілі блогер, психолог Роза Әшірбаева блогер Еркежан Шайхқа қолдау көрсетіп, "Асар - Уме" қоры туралы бар шындықты айтты, деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Бүгін Асар Уме қоры халықтан жинаған ақшаға есеп беріпті. Есеп деп айтуға келмейді, өйткені қаржылық есепке банктен выпискалар, кіріс-шығыс нақты көрсетілу керек, бірақ олар өз есебінде “шамамен” деп қойып, 10 жасар баланы алдағандай қылып бірдеңе шимайлаған. “Хабар” арнасында осы тақырып бойынша сюжет болды. Мен Еркежан Шайхқа @shaikh01kz жазылғандықтан 1 аптадан бері бұл мәселеден хабарым бар. Осы уақытқа дейін үндемей отырған себебім, қайырымдылық қорлары қалай жұмыс істейтінінен білмегендіктен аудиториямды дүрліктіргім келмеді.
Бір сағат бұрын Айтбек Амангелді @aitym өзі де қайырымдылық қорын басқарғандықтан Асар Уменің жұмысына күмән білдірді. Айтбектің эксперттілігіне сенімді болғандықтан ғана сіздердің назарларыңызды аударып жатырмын. Түбегейлі дұрыс қаржылық есеп бермегенше бұл фондқа өз басым сенім білдіре алмаймын. Ал сіз әрине өзіңіз білесіз», — деп жазды ол.
Бұған дейін марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді аталмыш қордың өкілі жазған пікірді желіге жүктеп, қатаң сынаған болатын.
«Өкінішке қарай, арақ-шарап ішетін, темекі шегетін әйел кісілер бар. Клубта істейтін таныс жігіт Салтанат министрдің әйелі бола тұра қысқа көйлек киіп, мас болып, клубтарда жүретін дейді. Аллаһ кешірсін, қатты айтсам, ақиқатты айту керек. Әрине бұл ажал. Осы өлімге күйеуін итермелеген Салтанаттың өзі деп ойлаймын... Салтанаттың жағдайы барша әйелге сабақ болсын», - деп жазған ол.
Қазақстандық азамат осы жазбасымен «әйелдерді ақылды болуға» шақырыпты-мыс.
Айтек Амангелді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен Асар-Уме қайырымдылық қорына тексеріс жүргізуді сұраған. Желі қолданушылары Айтбек Амангендіні қолдап, оның жазбасын бөлісіп жатыр.
Ал "Асар - Уме" қорының жетекшісі болса, желідегі парақшасына видео жариялап, өздеріне қарсы ақпараттық шабуыл болып жатқанын айтып, ақталды.
“Адамдардың көп бөлігі наразы. Бұл қалай болғаны? Жылдар бойы халықтың қорына 100, 1000 теңге, одан да көп жібердік. Қаражаттың қажетті жерге жетпегені ме? Меніңше, “Асар-Уме” қайырымдылық қорына қарсы ақпараттық тапсырыс жүріп жатқандай. Қордың қаржылық есептері жалпыға қолжетімді. Бұл есептер туралы мыңдаған адам біледі. Апта сайын шығатын видео есептер де бар. Мыңдаған компаниялар бізбен серіктес болмай тұрып олар аудиторлық тексерістерді қарап, тексереді. Біз оны БАҚ-та қайта түсіндіруге дайынбыз. Қордың тексерістері мен есептері туралы мәселені қоя тұрайық”, – дейді қордың негізін қалаушы.
Ол марқұм Салтанат Нүкеноваға қатысты пікір білдірген ерікті үшін кешірім сұрады.
“Бізді басқа мәселе бойынша қараламақшы. Алайда біздің мұндай сұмдық жағдайға еш қатысымыз жоқ және мұндаймен біз ешқашан келіспейміз. Бұл Салтанат Нүкеноваға қатысты қайғылы жағдай. Қазақстан бойынша біздің жүздеген еріктілеріміз бар. Сондай еріктілердің бірі Салтанат Нүкеноваға қатысы пікір білдіріп, өз ойын жазыпты. Осылайша бізді тығырыққа тіреді. Бұл қате пікір, десе де оның өз пікірі. Ол – “Асар-Уме” қайырымдылық қорының қызметкері емес. Енді бәз біреулер еріктінің пікірі арқылы менің кінәлі етпекші. Жоқ, бұл әділетсіздік. Бұл – бәрімізге ортақ трагедия болды. Біз еріктінің пікірі үшін кешірім сұраймыз. Бірақ бұл біздің пікіріміз емес. Осымен мәселе жабылды деген сенімдемін. Бәріңізге сенім артып, шыдамдылық танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Айтбек, түсініспеушілік болды. Еріктінің пікірі үшін кешірім сұраймын. Біз бұл көзқарасты қолдамаймыз. Ол “Асар-Уменің” өкілі емес”, – деді Асхат Нұрмашев.
Сіздің реакцияңыз қандай?