«Қайыршы, әкесіз екенін көрсетіп қояды»: Белгілі адвокат қайырымдылық қорларына ескерту жасады
Адвокат Жанна Мұхамади балаларды фото мен видеоға түсіріп, желіге салып қоятын қайырымдылық қорларын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Асар Уме» қайырымдылық қорына қатысты туған даудан кейін адвокат Жанна Мұхамади де өз пікірін білдірді.
«Мен мектепте оқыған жылдары Жаңа жыл қарсаңында сыныпқа мұғалім кіріп, 30 баланың көзінше былай дейтін: "Қайрат, Гауһар, Самат, Әйгерім, аналарың “әкесі жоқ” деген анықтама әкелсін. Ал, Лаура мен Әсем, көпбалалы отбасы екені туралы анықтама әкеліңдер. Марат, сенің әкең маскүнем екен, сен де анықтама әкел. Жақын арада күртешелер мен етіктер таратылады, бәріңізді жағдайы нашар отбасылар тізіміне қостық". Бір аптадан кейін барлығына арзан былғарыдан жасалған бірдей күртешелер мен етіктер беріледі. Неге екені белгісіз, олар кімнің әкесі жоқ, кімнің мұқтаж екенін көрсетіп, бәрінің көзінше беретін. Жақсы аяқ киімге ақшалары жетпеген болар, бірақ олар балаларға өмірінің соңына дейін жүрегіне жара салып кетті”, – деді адвокат.
Айтуынша, соның кесірінен мектепте бөліну, бөлектеу пайда болды.
«Оқу жылының басында мұқтаж жандардың тізімін жасап, «кім мұқтаж? Анықтама әкеліңдер! Тегін тамақтанасыз!» дейді. Асханада оларды тамақ қойылған бөлек дастарханға отырғызады. Осылайша бүкіл мектеп кімді «қайыршы», кімді "әкесіз” деп айту керек екенін көрсетіп қояды», – деді Мұхамади.
Мектеп бітіргеніне 20 жылға жуық уақыт өтсе де, қайырымдылық әлі осылай жасалады дейді. Желіде жағдайы нашар отбасыны, баланың жылағанын, нашар үйін жарияға жар салып көрсетеді дейді.
«Міне, Қайрат пен Гауһардың отбасы, олардың 5 баласы бар, Қабанбай ауылындағы қираған уақытша лашықта тұрады”, «Қане балалардың бетін үлкен планда көрсетейік, қызы үй тапсырмасын орындап жатыр, ал ұлы жыртық шалбармен пеште ұйықтап жатыр. Видеоға драма қосайық, баланы ұялтайық» дейтіндей», – деді ол.
Жанна Мұхамади балалардың бетін желіде бұлдыратып беруді сұрады. Ол балалардың болашағын ойлау керек дейді.
«Балалар мектепке барады, олар әлі де бұл қоғамда ұзақ өмір сүреді, оларда таңдау жоқ. Неге біз мұны жай адамгершілікпен жасай алмаймыз? Неліктен мұндай отбасыларды өз бетінше анықтап, көрсетпей-ақ көмектеспеске? Неге әр жаңа жылдың алдында осы балаларға арзан бір қорап кәмпит ұстатып, фотоға түсіру керек? Олардан фотоға түскіңіз келе ме деп сұрадыңыз ба?
Әр 1 қыркүйекте бірдей рюкзакты көмектесу үшін немесе фотоға түсіру үшін бересіздер ме?», – деді Мұхамади.
Ол халыққа есеп желіде фото арқылы емес, Excel бағдарламасында жасайтынын айтады. Сөзінше, мұндай желідегі жария етіп жасалатын қайырымдылықтың кесірінен балалар сөзге қалады, құрдастарының мазағына қалады.
«Балаларды бай-кедей, аз қамтылған, бақытты және бақытсыз деп бөлмейік. Балалар балалық шақтан ләззат алуы керек және оны психологтың кабинетінде өмірлеріндегі ең нашар уақыт ретінде есте сақтамауы керек», – деді адвокат.
Сіздің реакцияңыз қандай?