“Әрбірінің өз ұятына қалдырдым — Министр мұғалімдердің ашық хаты туралы

Қараша 15, 2023 - 16:28
Қараша 15, 2023 - 16:30
“Әрбірінің өз ұятына қалдырдым — Министр мұғалімдердің ашық хаты туралы
Сурет ашық дереккөзден алынды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оның отставкасы туралы шешімді тек президент қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды sadaqmedia.

Жуырда елімізге есімі белгілі бір топ ұстаз Бейсембаевтың отставкаға кетуін талап еткен болатын. Мәжіліске келген Ғани Бейсембаевқа дәл осы мәселе сұрақ ретінде қойылды. Министрдің айтуынша, жаңа аттестациясының ережесі «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Сол жерде құжатпен танысуға болады.

«Құжаттарды мұқият оқысаңыздар, ондағы негізгі идеология оқушының жетістігі арқылы мұғалімнің жетістігін бағалау. Бұған дейін аттестация негізінен мұғалімдердің портфолио жинауына, өзінің жетістіктеріне ғана негізделген еді. Бұған дейін де аттестацияға өте көп сын айтылған. Біз сынның бәрін жаңа ережеде ескердік. Сондықтан мұнда біз балаларға сапалы білім беруді, саналы тәрбие беруді көздейміз. Аттестация ережесі және оның жобасы ұстаздар мен педагогтардың талабына сәйкес келеді», деді министр.

Бейсембаев өзінің отставкасы тек презиенттің қолында екенін, ал, бұл талаппен хат жазған ұстаздар орынды мәселе көтермегенін айтты. 

"Жалпы кез-келген министрді тағайындау немесе отставкаға жіберу Мемлекет басшысының қолында. Сондықтан бұл мәселе менің құзыретіме кірмейді. Олардың (мұғалімдердің - агенттік) хатынан орынды сын көріп тұрған жоқпын. Олармен кездесіп те жүрмін. Әрбірінің өз ұятына қалдырдым”, деді Бейсембаев. 

Айта кетейік, осыдан бес күн бұрын бір топ ұстаз президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ашых хат жазып, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың отставкасын талап еткен болатын. 

"Қазір білім-ғылымға бет бұрған жастардың да легі артуда. Бұл еліміздің болашағы үшін үлкен күш. Бірақ соңғы тағайындалған Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев бұл өзгерістерге саботаж жасауда. Жүрген жерінде көпірме сөз бен өтіріктен аспайтын министр тіпті шағын мектепті басқаратын деңгейі жоқ екендігін көрсетуде. 

Біріншіден, Ғани Бейсембаев  Оқу-ағарту министрі болып келгеннен бері бүкіл министрлікті тазалап, министрліктің басшылық құрамы толықтай өзгерді деуге болады. Өз адамдарын жинап жатыр. Бірінші вице-министрден бастап комитет төрағалары, оның орынбасарлары, аппарат жетекшісі, орынбасары, департаменттердің директорлары, орынбасарлары барлығын ауыстырды. Тіпті бас маманға дейін қуғынға ұшырады. Бұрыннан жүргендерден ешкім қалмады десе де болады. Тамыр-таныстық белгілі бір өзгеріске не жаңашылдыққа апармайтыны бұрыннан белгілі.

Екіншіден, Ғани Бейсембаев министр болып тағайындала салысымен, мұғалімдердің құқығын қорғап, білім саласындағы жемқорлықпен ашық күресіп жүрген кейбір белсенді мұғалімдердің үстінен министрліктің аппарат жетекшісі ІІМ мен Бас Прокуратураға шағым жазды. Шағым министрліктің белгісі қойылған арнайы қағазға жазылған. Сондықтан бұл шағымға министрдің қатысы бар екені анық. Олардың әлеуметтік желідегі жазбаларына сілтеме жасап, қылмыстық іс қозғауды сұраған", — деп жазылған ұстаздардың ашых хатында. 

Әзірге бұл хатқа 138 мұғалім қол қойған. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow