Жоғары ұпай алса да грантқа түспей қалған түлектер Саясат Нұрбекті сотқа берді
Заңгерге көмек сұрап 200 түлек хабарласқан.
Су басқан өңірлер үшін бөлінген квотаның кесірінен жоғары балл жинаса да мемлекеттік грантқа ілікпей қалған талапкер бірінші болып Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа берді. Бұл туралы белгілі құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Адвокаттың айтуынша, кеше алғашқы талапкер Ғылым министрлігіне қарсы әкімшілік арыз түсірген.
«Өкінішке қарай, министрлік өз қателігін әлі мойындамай отыр, заңнаманы бұзып ТЖ квотасын рұқсатсыз енгізуге құқылымыз деп санайды. Бірақ министрлік өз күшімен жеңіп тұрған гранттарынан заңсыз айырылған талапкерлерді үнемі көзге ілмей жүре бере алмайды. Грант үшін жылдар бойы еңбек еткен балалардың құқығын шектеп, тасқыннан зардап шеккен басқа балаларға көмектесуге болмайды. Басқаның есебінен қайырымдылық жасауға болмайды», - деп жазды құқық қорғаушы.
Әжіғұлованың сөзіне сенсек, университеттер жоғары балл алғанына қарамастан кейбір балаларға ішкі гранттарды беруден бас тартқан. Ал отбасылардың оларды оқытуға ақшасы жоқ.
Осы орайда адвокат балалардың оқу ақысын жартылай болсын төлеп бере алатын жанашыр жандардан көмек сұрады.
Әжіғұловаға құқықтық көмек үшін 200 бала жүгінген.
«Іс соттың қарауына түскенде міндетті түрде қосымша хабарлаймыз. Әлі ондаған арыз жатыр. Балалар әділдікке қол жеткізбейінше өз құқықтары үшін күресуге дайын», - деді ол.
Бас прокуратура да ғылым министрлігінің төтенше жағдайға байланысты квота енгізуі заңды ма, жоқ па тексеруге уәде еткен.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сіздің реакцияңыз қандай?