Санкцияның салдары: Ресейде ұшу қорқынышты болып барады
2023 жылы Ресей авиациясында төтенше жағдайлар айтарлықтай көбейген, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы Азаттық радиоына сілтеме жасап.
Бұл туралы ашық мәліметтерді зерттеумен шұғылданатын компанияға сілтеп, The Wall Street Journal жазды. Басылым мұны Ресейге салынған санкциямен байланыстырады.
Германияның Jacdec зерттеу компаниясының мәліметіне қарағанда, 2023 жылы Ресейде жолаушылар ұшағы кемі 74 рет төтенше жағдайға кезіккен. 2022 жылы бұл көрсеткіш - 36 болған. Мұндай мәліметтерді Cirium зертттеу компаниясы да растайды. Оның есебінше, Ресейде 20223 жылы әрбір 100 мың ұшу кезінде 10-ға жуық оқиға болған, ал былтыр бесеу ғана болған.
Былтыр Ресейде ірі ұшақ апаты болған жоқ. Ең үлкен апат "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин мен серіктері отырған ұшақ апаты болатын. Апат себебі ресми түрде анықталмаған, тергеуді құпия жүргізген. Бейресми болжамдарда "Пригожиннің ұшағы Ресей билігінің тапсырысымен құлатылған" деген пікірлер айтылған.
Пригожин ұшағынан өзге көбірек резонанс туғызған апаттың бірі - гидрожүйесі істен шығып, Новосбирск облысындағы егістікке қонған ұшақ болды. Апат кезінде қаза болғандар жоқ.
"Ірі апаттар айтарлықтай көп болмағанымен ұдайы техникалық кемшілік шыға бергені - жолаушылар мен ұшқыштарға психологиялық қысым", - дейді WSJ сарапшылары.
Санкция бойынша Ресей әуекомпаниясының ұшақтарына батыстың өндіруші компаниялары қызмет көрсетпейді, қосалқы бөлшек бермейді. Бұған дейін Ресейдің бірқатар әуекомпаниялары техникалық регламенттерін қайта қарап, бұрын рұқсат етілмей келген кейбір техникалық кемшілікке қарамастан ұшуға рұқсат беруге кіріскені айтылған.
Былтыр желтоқсанда Росавиация әуе апаты көбеймегенін мәлімдеген. Дегенмен бірқатар БАҚ мұндай тенденцияның бар екенін жыл бойы жазды. Былтыр қыркүйекте, Новосибирскідегі апаттан кейін "Новая газета Европа" қаңтардан тамызға дейінгі аралықта жолаушылар ұшағы 120 рет төтенше жағдайға ұшырағанын, мұның бұрынғыдан екі есе көп екенін жазған.
Сіздің реакцияңыз қандай?