Лукашенконың сөзінен кейін Қазақстан СІМ Беларусь елшісін шақырды
Қазақстанда бірдеңе болып еді - кімнен көмек сұрады? Қытай, Үндістан, Пәкістан? Жоқ, Путинге көмектесіңіз деді. Және біз [ҰҚШҰ] күштерін сол жаққа жібердік, жарты күн ішінде ұшақтарымыз қонып, [тәртіпсіздікті] басты.
Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенконың мәлімдемесінен кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Беларусь елшісін шақырды.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Беларусь жағын "қазіргі процестерге қатысты Астананың ұстанымын объективті бағалауға шақырған".
"Министр Қазақстан БҰҰ Жарғысына және халықаралық құқықтың негізін қалаушы нормаларына сәйкес теңгерімді және бейбітшіл сыртқы саясат жүргізіп жатқанын ерекше атап өтті. Еліміз мемлекеттер арасындағы барлық келіспеушіліктер саяси және дипломатиялық жолдармен шешілуі тиіс екеніне нық сенімді" деп жазылған министрлік хабарламасында.
Министрлік хабарламасында Беларусь елшісін шақыруға қандай жайт түрткі болғаны айтылмайды.
Бірнеше күн бұрын ресейлік "Россия" телеарнасына берген сұхбатында Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко постсоветтік кеңістіктегі кейбір елдерді "Ресеймен әділетсіз қарым-қатынас жасап отыр" деп айыптаған еді. Лукашенконың сөзінен РИА "Новости" агенттігі үзінді келтірген.
"Бірге болайық. Ресейден көмек сұрайтын уақыт алыс емес. Көмек сұрайтын басқа ешкім жоқ... Қазақстанда бірдеңе болып еді - кімнен көмек сұрады? Қытай, Үндістан, Пәкістан? Жоқ, Путинге көмектесіңіз деді. Және біз [ҰҚШҰ] күштерін сол жаққа жібердік, жарты күн ішінде ұшақтарымыз қонып, [тәртіпсіздікті] басты. Мен кінәлап отырған жоқпын" деген еді Лукашенко.
Авторитар жетекші сұхбатында Армения басшылығын да сынап "армяндар бізден басқа кімге керек?... Қайдағы Франция, қайдағы Макрон? Ертеңгі күні Макрон кетеді, болды бәрі Арменияны ұмытып кетеді" деген еді.
Лукашенконың осы сөзінен кейін Ереванда Беларусь елшілігі алдында митинг өтіп, наразылар Минскімен дипломатиялық қарым-қатынсты үзуді талап еткен. Олар елшілік ғимаратына жұмыртқа, қызанақ, картоп лақтырған.
Азаттық радиосы
Сіздің реакцияңыз қандай?