Жоғарғы сот Айкөркем ісі бойынша 7 жылға сотталған әскериге шыққан үкімнің күшін жойды

Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан Жоғарғы сот шешіміне келіспейтінін айтты.

Маусым 7, 2024 - 10:55
Маусым 7, 2024 - 10:57
Жоғарғы сот Айкөркем ісі бойынша 7 жылға сотталған әскериге шыққан үкімнің күшін жойды

Жоғарғы сот Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем Мелдеханның қазасына байланысты сотталған әскери қызметкер Арман Жұманға шыққан сот үкімінің күшін жойды, деп хабарлады Азаттық радиосы. 

"Жұманның үстінен қозғалған қылмыстық істі құпия түрде қарады. Кассациялық қарау нәтижесіне сәйкес, төменгі сатыдағы сот актілерінің күші жойылды, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберді" деп жауап берді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі Азаттыққа.

Жұманға "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылған еді. Былтыр қарашада Алматы гарнизоны әскери соты айыпталушының "іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ" деп Жұманды ақтаған.

Биыл наурызда Астана қаласының әскери соты бірінші инстанцияда шыққан ақтау үкімінің күшін жойып, Жұманды 7 жылға бостандығынан айырып, оны сот залында қамауға алған еді.Жоғарғы сотқа кассациялық шағымды екі тарап та түсірген. Сот алқасы шағымдарды ішінара қанағаттандырып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуге шешім қабылдаған.

Жұманның адвокаты Оксана Мусохранова Азаттыққа берген жауабында кассациялық шағымында айыптау үкімінің күшін жоюды, әскери қызметкерді ақтауды сұрағанын айтты.

"Біз бұған дейін айтқанымыздай, жәбірленуші мен менің қорғауымдағы адам сол күні бір-бірінен алыста болған және жолдары түйіспеген. Біз сол күні жәбірленуші тарап Арман Жұман тұрған Желтоқсан көшесіне жетпегенін дәлелдедік. Ол кінәсіз" деді адвокат Мусохранова Азаттыққа Жоғарғы сот шешімінен соң.

Оның айтуынша, Жұман 28 наурыздан бері Астанадағы тергеу изоляторында отыр.

Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан Азаттыққа Жоғарғы сот шешіміне келіспейтінін айтты.

"Тергеуге, жазасын ауырлатуға жіберсе мейлі екен... Бірақ олар ішінара қанағаттандырып, айыптау үкімінің күшін жойды. Бұл нені білдіреді? Меніңше, бұл оны ақтауға дайындап жатқанын көрсетеді. Мәселенің егжей-тегжейін білу үшін қоңырау шалып, жаздым, ешкім жауап бермейді" деді Айдос Мелдехан.

"Талаптарым бұрынғыдай. Кінәлілердің бәрі жауапқа тартылсын, айыптауды "Адам өлтіру" бабына ауыстырсын. Әзірге бір адамды ғана соттады, оның өзін "Билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша. Сол кезде үш балам зардап шекті. Үлкен ұлыма үш оқ, үлкен қызыма жеті оқ тиді. Айкөркем көз жұмды, оның басына оқ тиді. Төртіншісі психологиялық шок алды. Соттың әділ және ашық өткенін талап етемін. Сот бүгін де жабық болды. Сот отырысына ғана емес, тіпті [сот] аумағына да жақындатпады" деді Айдос Мелдехан.

Жұман тарапы жәбірленуші мен айыпталушы әртүрлі жерде болды деген сөзіне байланысты Мелдехан "алаңда болмағанын" айтты, сол күні "18 жастағы үлкен ұлым көлік айдады, төрт балам соның ішінде отырды, мен онда болмадым" деді.Бұған дейін Жұман балалар отырған көлікке кім оқ атқанын білмейтінін, өзі көлікті көрмегенін айтқан.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow