Жанқош Тұраров журналистерді шақырған баспасөз мәслихатына келмей қалды
Бүгін Алматыда кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың тарапы өзіне тағылған айып бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп жатыр. Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген оқиғаға қатысты боксшының өзі ашық пікір білдірмек деген ақпарат 24 тамыз күні тараған еді. Оны өзге емес боксшы Жанқош Тұраровтың өзі жасаған. Алайда бүгінгі пресс-конференцияға Тұраровтың өзі келмей қалған, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Орнына адвокатын жіберген «Жанқош Тұраров кәсіби бокста жеңіліс көрмеген боксшы. Қазір ол күнделікті жаттығып, жақында болатын жекпе-жекке дайындалып жатыр. Осыған байланысты Жанқоштың сұрауы бойынша мен сіздермен тілдесіп, сұхбат беремін», - дейді өзін боксшының адвокатымын деп таныстырған Самат Момытов есімді адам.
Сұрақ-жауап барысында адвокат спортшыны айыптаған қызды сотқа беретінін айтқан.
"Әнаруді сотқа беру үшін соталды тергеу ісі аяқталуы керек. Себебі қазір оны сотқа берсек те, соталды тергеу ісінің аяқталуын күтуіміз керек. Одан кейін біз сотқа береміз", - деді ол журналистерге өткізген пресс-конференцияда.
Сондай-ақ, ол есірткі мен ішімдікке қатысты тест тапсырылғанын айтты.
"Құқығымыз бірдей, сондықтан тек жәбірленушінің сөзі не желіде тараған ақпаратқа сүйеніп оны күдікті деп тануға болмайды. Іс бойынша дәлелдемелер жиынтығы болуы керек. Сараптамалар, бейнежазбалар болуы керек. Соталды тергеп-тексеру басталды, сараптамалар тағайындалды. Психотропты, алкогольге қатысты тест тапсырылды, бәрі таза деп көрсетілді", - дейді ол.
Сондай-ақ ол Әнарудың желіде танымал болу, ақша бопсалау, Жанқош Тұраровтың абыройын түсіру немесе бөгде адамдардың тапсырмасы бойынша арызданып отырған болуы мүмкін екенін айтты.
Естеріңізге салайық, 21 тамызда әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров Әнару Қалдыбекті зорлады деген ақпарат тарады. Алматы қаласының полициясы мұны растап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
танымал боксшы Жанқош Тұраров мені зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлиева БАҚ құралдарының біріне сұхбат беріп, боксшыны неше жылдан бері білетінін, онымен алғаш рет қалай танысқанын және Жанқош Тұраров 6 жылдан бері не деп алдап келе жатқанын айтып берген еді.
Кейінен Жанқош Тұраров өзіне тағылған айыптарға жауап беріп мәлімдеме жасады.
«3 қыз өсіріп отырған әкемін! Төсектес қыз керек болса маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын, қазір мәселенің мән жайын анықтап, кім қандай жала тағып отырғанын анықтайтын боламын», - деді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?