«Жағдай жасадық, алайда нәтиже нашар болып шықты»: Спорт министрі Париж Олимпиадасы туралы айтты
Париж Олимпиадасынан кейін «дүбірлі додада ел қоржынына Олимпиаданың алтыны да, күмісі де, қоласы да түсті» деп марқайған министр бүгін «нәтиже нашар» деген керағар пікірін айтты. Париж Олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар көрсеткен нәтижеге баға берді, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
«Біз үшін дәстүрлі саналатын спорт түрлері бар. Солардан дайындық төмен, нәтиже нашар болып шықты. Былтыр Ханчжоуда Азия ойындары өтті. Азиадаға қатысқан спортшылардың 80 пайызы биыл Парижге барды. Ал Ханчжоудан ұлттық құраманың қандай нәтижемен келгені бәрімізге белгілі. Тарихтағы ең нашар Азиада болды. Соған қарамастан аз уақыт қалса да, жағдай жасадық. Бірақ Париждегі нәтижені өздеріңіз біліп отырсыздар», - деді министр.
Ермек Маржықпаев міндеттемелерге сәйкес еркін күрес командасы қола медаль алуға уәде бергенін атап өтті. Алайда спортшылар ширек финалға өте алмай, бірінші айналымнан шығып қалды. Тіпті, медаль жеңіп алу жағынан ең сәтсіз деген Токио Олимпиадасында қола медаль болған еді.
«Тарихта алғаш рет әйелдер күресінен спортшылар Ойындарға қатысқан жоқ. Бұрын бізде дәстүрлі түрде жақсы позициялар болған», - деді министр.
Алқа отырысына Президент Әкімшілігінің, Үкімет аппаратының, депутаттық корпустың өкілдері, сала ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, құрметті бапкерлер, өңірлік басқармалардың, федерациялардың, ведомствоға бағынысты ұйымдардың басшылары қатысты.
Сіздің реакцияңыз қандай?