Қазақстанның мектептерінде француз тілі оқытылады
Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға сапармен келуге шақырғаны үшін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі елдің ынтымақтастығын одан әрі кеңейту қажет екенін атап өтті,деп хабарлайды sadaqmedia.kz.
Сондай-ақ Қазақстан мен Францияның ұстанымдары көптеген мәселелерде сәйкес келетініне назар аударды.
"Сіздің еліңіздің рөлі мен географиялық орналасуы, сондай-ақ оның аумағының үлкендігі біз үшін өте маңызды. Сондықтан бүгін экономикалық ынтымақтастығымыз жан-жақты талқыланды. Бүгін қол қойылған құжаттар – осының айғағы. Президент мырза, Сіз Қазақстанда жұмыс істеп жатқан француз кәсіпорындарының маңызына арнайы тоқталдыңыз. Француз компаниялары сауда және энергетика салаларында ұзақмерзімді серіктестік орнатты. Компанияларымыздың басқа да салаларда бірлесе жұмыс істегенін қалаймыз. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары белгілі. Олар – энергетика және аэроғарыш өнеркәсібі салалары",- деді Эмманюэль Макрон.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Франция басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады және екі елдің ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігі тобын құру және оның жұмыс істеуі туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасында халықаралық (француз) мектептер ашуға және Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында француз тілін оқытуға қатысты келісім;
3. Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық пайдалы қазбалар бойынша ынтымақтастық туралы бірлескен ниет декларациясы;
4. «QazBioPharm «ҰХ» АҚ мен Boehringer Ingelheim Animal Health France компаниясы арасында Қазақстан Республикасында аусылға қарсы вакцинаны жергілікті өндіру бойынша ынтымақтастық, лицензия және жеткізу туралы келісім;
5. Энергияны жинақтау жүйесі бар, жиынтық қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жобасы бойынша бірлескен кәсіпорын туралы келісім;
6. «Қазақстан Республикасында теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрамды, сондай-ақ теміржол техникасының қосалқы бөлшектерін өндіру және оларға сервистік қызмет көрсету» жобасын іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісім.
Сіздің реакцияңыз қандай?