«Депутаты болғысы келетін шығар»: қоғам белсендісі Азаматхан Әміртаевты сынға алды
Сіздерді қайдам, мен осылар үшін ұяламын (іштей).
Белгілі журналист әрі қоғам белсендісі Серік Абас-шах көзқарасы ай сайын ауытқып тұратын BAYTAQ жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевты мысал ете отырып, қоғамдағы жағымпаздықты келеке етті, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Серік мырза өз жазбасында осындайлар үшін іштей қатты ұялатынын атап өткен.
"Қызықпыз, Қызықстанда тұрамыз.
Бізде оппозициялық партияның төрағасы өзіне бәсекелес партияның 80 жастағы төрағасы зейнетке шығып кетті деп жылап жүреді, демократиялық партияның оппозиционер-нумеролог депутаты президенттік мерзімді 4 жылға дейін қысқартуды талап етудің орнына оны 7 жылға ұзартуды ұсынып “көзсіз ерлік жасайды” (сөйтіп қайтадан депутат болып “сайланады”)
Қызықпыз. Қызықстанда тұрамыз. Жоқ, олай емес екен ғой, Қызықстанда тұрамыз, өйткені қызықпыз. Өте қызықпыз.
Азаматхан Әміртаев деген інішегіміз кеше олай деген-ді, бүгін былай депті (десіп жатыр). Ол - “Байтақ” партиясының төрағасы. Жап-жақсы жігіт. Президенттік мерзімді 4 жылға дейін қысқартуды талап етудің орнына оны 7 жылға ұзартуды ұсынған “нумеролог” көке сияқты мұның да Мәжіліс депутаты болғысы келетін шығар. Қатты болғысы келетін шығар. Несі бар, болсын. Мәжілісте мұндай жігіттер аз емес қой. Қызық болады, ой, ғафу етіңіз, қызық болмайды (екен). Түк те қызық емес. Бізде бәрі сценарий бойынша ғой.
Сіздерді қайдам, мен осылар үшін ұяламын (іштей). Бірақ, ұялатын не(сі) бар? Қызықстанда тұрамыз…», -дeп жaзғaн өзiнiң facebook пaрaқшaсындa.
Естеіңізде болса, қазақ даласында АЭС салу-салмау мәселесі талқыға түсіп жатқанда «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай алға суырылып шығап, халыққа үндеу жасаған еді. Үндеуінде атом энергиясы әлемдегі ең таза, жасыл энергия көзі екенін айтқан.
«Климатты тұрақты ұстап қалу мен қоршаған ортаны қорғауды тек атом электр станциясы ғана қамтамасыз ете алады. Оның энергиясы — экологиялық таза энергия. Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Еуропа және өзге де дамыған елдердің бәрі өздеріне осы станцияны салып жатыр. Бір ғана АҚШ-тың өзінде 99 атом станциясы бар. Бұл, оның қауіпсіздігін дәлелдейтін бірден-бір фактор», - деген еді.
Бір қызығы, Әміртаев мырза бұған дейін жемқорлық жайлаған елде жоғары технологиялық өндіріс салуға болмайды деп келген еді.
«Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншісі – қауіпсіздік мәселесі. Ертең салған АЭС-тері жарылып кетпей ме? Әскери қоймадағы оқ-дәріге ие бола алмайтын елде АЭС салу қауіпті деп ойлаймын. Егер АЭС жарылса, мұның зардабы сұмдық болады. Бейбіт заманда әскери қоймаларымызды қорғай алмай отырмыз. Екі жылдың ішінде екі жарылыс болды. Халықтың билікке деген сенімі жоқ кезде мұндай ірі кешеннің салынғанын қолдамаймын», - деген сөзін ел әлі ұмыта қойған жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?