Венгрия парламенті Швецияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін мақұлдады

2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Швеция мен Финляндия НАТО-ға қабылдау жөнінде өтініш берген.

Ақпан 27, 2024 - 09:43
Ақпан 27, 2024 - 09:43
Венгрия парламенті Швецияның НАТО-ға кіру туралы өтінішін мақұлдады

Венгрия парламенті 26 ақпанда Швецияның НАТО-ға кіргенін мақұлдап, заңды бекітті. 200 жылдан астам бейтарап болып келген Швеция осылайша НАТО-ның 32-мүшесіне айналды.

"Парламент шешімінен кейін заңға Венгрия премьер-министрі бірнеше күн ішінде қол қоюға тиіс" деп хабарлайды Би-би-си. Виктор Орбан қол қойған соң НАТО одаққа қосылу жөнінде Швецияға ресми шақырту жібереді.

Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон бұл күнді "тарихи сәт" деп атап, "өз елі Солтүстік Атлантика қауіпсіздігіне толық жауапкершілік алуға әзір екенін" мәлімдеді.

2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң Швеция мен Финляндия НАТО-ға қабылдау жөнінде өтініш берген. НАТО-ға қосылу үшін оның 30 мүшесі түгел келісім беруге тиіс. Венгрия мен Түркияның қарсылығына байланысты Швецияны НАТО-ға қабылдау мәселесі кідірген. Түркия биыл қаңтарда ғана келіскен, Венгрия ғана қалған болатын.

Виктор Орбан мен оның саяси партиясы Швеция өтінішін мақұлдауды барынша созып баққан. Орбан партиясы Швеция мен Венгрия премьер-министрлері жеке кездесуге тиіс деген талап қойған. Швеция премьері Ульф Кристенссен өткен жұмада бұл талапты орындап, Виктор Орбанмен келіссөз өткізген.

Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow