Шойгу Ресей қорғаныс министрі қызметінен қуылды

Ол бұл қызметті 2012 жылдан бері атқарды.

Мамыр 13, 2024 - 09:51
Мамыр 14, 2024 - 10:31
Шойгу Ресей қорғаныс министрі қызметінен қуылды
Коммерсантъ

Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс министрі қызметіне бұрынғы вице-премьер Андрей Белоусовты тағайындауды ұсынды. Бұған дейін қорғаныс министрі қызметін атқарып келген Сергей Шойгу Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болады. Бұрын бұл қызметте Николай Патрушев болған. Бұған қоса, Шойгу Путиннің әскери-өнеркәсіптік кешен комиссиясында төраға орынбасары қызметін атқармақ.

Ресейде күштік құрылымдардың жетекшілері мен сыртқы істер министрі қызметіне кандидаттарды үкімет емес, президент ұсынады. Ал оларды федерация кеңесі мақұлдайды. Шойгу – президент қайта тағайындауға ұсынбаған жалғыз министр. Ол бұл қызметті 2012 жылдан бері атқарды.

Сергей Шойгуды ақпарат құралдары Путиннің жақын досы деп атайды. Олар бірге аң аулап, табиғатта бірге демалады. Ол "Единая Россия" партиясын құрушылардың бірі. Путиннің президенттігінің алғашқы екі мерзімінде парламенттегі путиншіл күштердің өкілі болды. Алайда ол Украинаға басып кіру кезіндегі сәтсіздіктері үшін билікшіл белсенділер мен блогерлердің сынына ұшырады.

65 жастағы Андрей Белоусов қазір бірінші вице-премьер міндетін атқарады. Үкімет жетекшісі Михаил Мишустин Думаға оны қайта тағайындауды ұсынбаған.

Белоусовты үкіметтегі экономикалық блоктың кураторы деп атайды. Іскерлік БАҚ оның экономика министрлігі мен орталық банкпен кикілжіңі туралы жазған. Ол мемлекеттің экономикаға көбірек араласқанын қолдайды. Белоусов әскерде болмаған. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков экономисті қорғаныс министрі қызметіне тағайындау туралы шешімге түсініктеме бере келе "майданда инновацияны қолдайтын адам жеңеді" деген.

Ол министрдің міндеті "күштік құрылымның экономикасын ел экономикасына бейімдеу" екенін атап өтіп, қазір әскер бюджеті 1980 жылдардағы деңгейге жақындап келеді, бұл "шамадан тыс емес, бірақ <...> өте маңызды" деді.

Бұл тағайындауларға дейін Шойгудың орынбасары Тимур Иванов қамауға алынған. Оған 1 млрд рубль көлемінде пара алды деген айып тағылған.

Путин федерация кеңесіне Сергей Лавровты – сыртқы істер министрі қызметінде, Владимир Колокольцевті – ішкі істер министрі ретінде, Александр Куренковты — төтенше жағдай министрі, Константин Чуйченконы — әділет министрі, Александр Бортниковты — ФСБ жетекшісі, Дмитрий Кочневті — федералдық күзет қызметінің жетекшісі, Сергей Нарышкинді — сыртқы барлау қызметінің жетекшісі, Виктор Золотовты — Росгвардия жетекшісі ретінде қалдыруды ұсынды. Борис Ковальчук есеп палатасының жетекшісі қызметін атқармақ. Ол Путиннің досы Юрий Ковальчуктың ұлы.

Азаттық радиосы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow