Үкімет түнгі клубтардың жұмыс уақытын шектейтін құжат әзірлеп жатыр

Маусым 11, 2024 - 10:19
Маусым 11, 2024 - 10:28
Үкімет түнгі клубтардың жұмыс уақытын шектейтін құжат әзірлеп жатыр

Президент әкімшілігі есірткі қылмысымен күреске арналған жиында ойын-сауық орындарының уақытын шектеуді ұсынды, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметі. 

Олардың айтуынша, түнгі клубтарда адамдар ішімдік ішіп, есірткі тұтынады, салдарынан қылмыс жасайды.

Үкімет кофеханалар, барлар мен түнгі клубтардың жұмысын түнгі сағат 2-ге дейін қысқартатын құжат әзірлеп жатыр. Бұл қылмыспен күресу үшін жасалып отыр.

Премьер-министрдің орынбасары Нұрлан Серікұлы Байназаров «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 15 маусымға дейін ойын-сауық мекемелерінің жұмыс уақытын сағат 2:00-ге дейін заңнамалық тұрғыдан шектеу туралы ұсыныстар енгізсін, – делінген президент әкімшілігінің басшысымен кездесу хаттамасында.

Алайда Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығы мұндай шектеулерге қарсы. Кәсіпкерлер бұл конституцияға, сауда заңнамасына және кәсіпкерлік кодекске қайшы келеді деп есептейді.

Бұл талап заңсыз деп есептейміз. Орынсыз нәрселерді ойлап табудың қажеті жоқ. Нормативтік-құқықтық актілерде бәрі әлдеқашан жазылған. Полиция өз шараларын құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағыттауы керек. Ал қылмыс қайталана берсе немесе қандай да бір ауыр қылмыс жасалған жағдайда сот тәртібімен қызметті тоқтата тұрады, – деп мәлімдеді Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтандыру қауымдастығының вице-президенті Ольга Егорова.

Сондай-ақ қоғам белсенділерінің айтуынша, пандемия кезінде ойын-сауық бизнесі қатты зардап шекті, көптеген түнгі клубтар жабылды, ал қалғандары дағдарыстан енді ғана шығып жатыр. Жаңа шектеулердің қысымды күшейтіп, бюджетке түсетін салықты төмендетуі ықтимал.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow