Тимур Құлыбаев Лондондағы зәулім үйін 34,7 млн фунтқа сатты

Басылымның жазуынша, Upper Grosvenor Street, 41 үйде ұзақ уақыт ешкім тұрмаған.

Мамыр 10, 2024 - 14:18
Мамыр 10, 2024 - 14:18
Тимур Құлыбаев Лондондағы зәулім үйін 34,7 млн фунтқа сатты
Фото: kaz.tengrinews.kz

Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеубаласы, миллиардер Тимур Құлыбаев Лондондағы зәулім үйлерінің бірін 34,7 млн фунтқа (43,4 млн АҚШ доллары) сатты. Бұл жөнінде британдық Financial Times басылымы жазды.

Мәселе Лондонның ауқаттылар тұратын Мейфэр ауданындағы, Букингем сарайынан небәрі бірнеше минуттық жерде Upper Grosvenor street 41 мекенжайында орналасқан зәулім үй жөнінде болып отыр. Наурыздың соңында таунхаусты Deutsche Bank-тің жылжымайтын мүлік саласы бойынша ерекше жағдай жөніндегі бөлімнің бұрынғы директоры Бен Уильямс негізін қалаған North Wind Capital инвестициялық компаниясы сатып алған.

Құлыбаев пен North Wind Capital өкілдері басылымға түсініктеме беруден бас тартқан.

Басылымның жазуынша, Құлыбаев Upper Grosvenor Street, 42 мекенжайында орналасқан көрші ғимаратты да сатқысы келеді. Алайда әзірге сатып алушы таба алмаған.

Жоғарғы сот құжаттары мен мүлік туралы мәліметке қарағанда, Upper Grosvenor көшесіндегі бұл екі ғимарат 2007 жылы 25,8 млн және шамамен 12 млн фунтқа сатып алынған. Басылымның жазуынша, Upper Grosvenor Street, 41 үйде ұзақ уақыт ешкім тұрмаған. Бұл баспанасыздықпен күресіп жүрген белсенділердің наразылығын туғызған.

Былтыр британ билігі офшор компанияларын ақырғы бенефиарды ашып көрсетуге міндеттейтін жаңа ереже қабылдағаннан кейін қазақстандық миллиардер британдық Виргин аралдарындағы Merix International Ventures компаниясының иесі ретінде тіркелген.

Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев 2007 жылы Эндрю ханзададан Саннингхилл-парк зәулім сарайын офшор компания арқылы 15 миллион фунт стерлингке сатып алған. Бұл оқиға Ұлыбританияда дау тудырды. Себебі Құлыбаев бес жыл өтпей тұрған үйді ханзада сұраған бағадан 3 миллион фунт стерлингке қымбат бағаға сатып алған. Оның өкілі мұны аталған сарайға тағы бір адамның қызығуымен байланыстырған.

FT басылымы 57 жастағы Тимур Құлыбаев бұрын Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың ықтимал мұрагері ретінде қарастырылғанын еске салады. Құлыбаев елде маңызды лауазымды қызметтерді атқарған, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына да жетекшілік еткен.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен оның айналасындағылардың ықпалы төмендегені айтылды. Соған қарамастан Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динара Құлыбаеваның байлығы 1.5 млрд долларға артқан. Америкалық Forbes журналы ерлі-зайыптының байлығын 8,6 млрд долларға бағалайды.

Дереккөз: azattyq.org

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow