Түркияда трансвеститтер клубына барғаны үшін жұмыстан қуылған мұғалімдердің бірі өзіне қол салмақ болған

Қысымға шыдамаған Фатима Сқақова өзіне қол салайын деп жатқан жерінен біреулер көріп қалып, аман қалыпты.

Ақпан 23, 2024 - 16:36
Ақпан 23, 2024 - 16:37
Түркияда трансвеститтер клубына барғаны үшін жұмыстан қуылған мұғалімдердің бірі өзіне қол салмақ болған
stan.kz

Қызылорда облысы Жосалы кентінде №250 мектептің ағылшын пәнінің мұғалімдері шетелде клубқа барғаны үшін жұмыстан шығып қалған еді. Ұстаздардың бірі сол даудың тұсында қысымға шыдамай, өзіне қол салмақ болған. Ыстамбұлдағы клубқа барғаны үшін жұмысынан айырылып қалған Ақерке мен Фатима ауылда сынға қалып, халықтың әңгімесіне қалған. stan.kz сайтының жазуынша, мұндай қысымға шыдамаған Фатима Сқақова өзіне қол салайын деп жатқан жерінен аман қалыпты.  

Фатима – отбасылы келіншек, екі баласы бар ана. 7 жыл ұстаздық еткен. 

"Осыншама шудан кейін мәселені шешудің басқа жолын көрмедім. Екі күн психологтың қабылдауында болдым. Ол мені жігерлендіріп, қайраттандыруға тырысқанымен, менің өмірге құлшынысым артқан жоқ. Тек бар ішімдегіні айтып, бір адамға болсын өзімнің қандай адам екенімді көрсетіп барып, өмірден кеткім келді. Бір адамға шындықты дәлелдесін әрі қарай тыныш өлейін деген ойым болды. Ауылда өсек-әңгіме, қаңқу сөз көп, біреудің көзін шұқу, болмағанды болды деп шығарады. Қанша жерден еркін отбасыда өсіп, ата-анам түсіністік танытқанымен, елдің сөзі ата-анама ауыр тиді. Менің арым таза. Мен артық нәрсе жасап, жаман қарым-қатынасқа түспедім. Оны экспертизамен болсын дәлелдеуге дайынмын”, – деді ол.

Ол психологтың қабылдауынан кейін оған 2,5 минуттық аудиохабарлама жолдап, бүкіл өкінішін айтып, өмірмен қоштасқан. Психолог дер кезінде шара қабылдап, 102-ге хабарлап, олар қайғылы жағдайдың алдын алыпты. 

Қуанышқа орай, Фатиманың отбасы оны қолдаған. Оның қандай екенін білетіндіктен, қысым көрсетіп, әрекетін сынамапты.

Айтуларынша, жұмыстан шығарғаннан кейін де директор қудалауды қоймаған. Тіпті екеуімен араласып, қолдағысы келген мұғалімдерге де қысым көрсетіп, сағаттарын қысқартып тастапты. Директордың бұлай әрекет етуіне себеп болуы мүмкін нәрсе – екі мұғалімнің орнына басқа адамдарды жұмысқа алғысы келу дейді.

“Түркияда біз тамақтанып, әдемі жерлерде фотоға түсіп, жаяу серуендедік. Бірнеше мейрамханаға бардық, соның ішінде мына жердің не екенін де көруді шештік. Біріншіден, мен тұлғамын, содан соң анамын, сосын кейін барып мен мұғаліммін. Иә, ондай жерге барып, шалыс бастым. Бірақ адам бұл ісінен қорытынды жасайды ғой. Мен сол жерді көріп, одан жирендім, оның жаман екенін ұқтым”, – дейді ол. 

Айтуынша, олар өз еркілерімен жұмыстан шықпаған. Оларды өз еркіммен шықтым деп арыз жазуға мәжбүрлеген дейді.

“Жиналысқа барсам, Ақерке орнынан тұрып, жылап тұр. Менің кіргенімді көріп, “тұр орныңнан, Ақерке, сен отыр” деді. Барлығының көзінше есепке алып, сөзімізге құлақ аспады да. Жиналыс біткен соң, бізді мұғалімдер бөлмесіне жетектеп апарды. Ол бөлмеде ата-аналар да болғаны есімде, оларды шығарып жіберді де, бізге не жазу керегін айтып отырды. Біз олар айтқандай жазып бердік, содан соң қолымызға сертификат пен дипломымызды ұстатты”, – деді Сқақова.

Фатима мен Ақеркені оқушылары мен олардың ата-аналары да қолдап отыр.

“Балам тым жақсы соның сыныбында оқып жүрді, үйреніп те қалды. Оның әрекетінен аморальды нәрсе байқамадық. Ана-аналар чатында да барлық ата-аналар оларды қолдады, ешкім қарсы шығып, арызданбады. Не істесе де, әркімнің өз құқығы, өз шекарасы бар, өздері біледі”, – деді ата-ана.

“Балаларыма сабақ береді, өте тәрбиелі адам, жақсы маман. Оның жақсы отбасыдан шыққанын білеміз. Бұл жағдай бұлай ушығып, жұмыстан шығатындай болады деп ойламадық. Ол соншалықты қылмыс емес қой”, – деді тағы бір ата-ана.

Оқушылар да жас маманның жұмыстан шыққанына көңілдері түсіп қалды. Жағдайға аудандық бөлімі де, облыстық білім басқармасы да түсініктеме берген жоқ.

Ал заңгер Азамат Талғатұлы жұмыстан шығу туралы акттің дұрыс толтырылмағанын және мектеп әкімшілігі бірнеше заң бұзушылыққа жол бергенін айтады. 

“Акт толтырылар алдында мұғалімдерді хабардар етіп, қол қойғызу керек. Содан соң бір данасын оларға береді. Сондай-ақ диплом мен сертификатты директор емес, кадр бөлімі ұсынады. Құжат қате толтырылған. Мысалы мұғалімдер өз еркімен шықты деп жазған болса, актіге олардың 9-күні жұмысқа келмегенін жазудың не қажеті бар?”, – деді заңгер.

Ол, сондай-ақ, мектепте ақша жинау фактілерінің бар екенін айтты.

“Директор ай сайын мұғалімдерден 2 мың, 5 мың теңгеден жинаған. Былай қарағанда өте аз ақша болғанымен, жалпы 800 мың теңге шығады екен. Оны не себепті жинады. Біз бірнеше заңбұзушылықты ескеріп, директорға қатысты 17 арыз жолдадық”, – деді Талғатұлы.

Сонымен қатар ол полицияның не себепті “Өзіне қол салуға дейін жеткізу” бабымен іс-материалдар тіркемегеніне наразы. Айтуынша, бұл үшін жауапкершілік қарастырылған. 

Еске салсақ, Қызылордалық мұғалімдер Түркиядағы трансвеститтер клубында демалғаны үшін жұмыстан шығып қалғаны айтылды. Оқу-ағарту министрлігі оқиғаға түсініктеме беріп, олар жұмыстан өз еркімен шыққанын мәлімдеді. Кейін мұғалімдер өз шындығын айтып, мұның трансвеститтер клубы емес екенін түсіндірді. 

Бұрынғы оқу-ағарту министрі, қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге жақтасып, жұмыстан тыс уақытта құқығын шектеуге болмайтынын айтты.

Файлдар

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow