Шұғыл: Мюнхендегі қазақ диссиденттерінің бейіттері сүріліп жатыр
Мюнхенде жерленген қазақ диссиденттерінің қабірі сүріліп кеткен. Кейбірі алдағы жылдары сүрілуі мүмкін. Қабірі жойылған азаматтар арасында Мұстафа Шоқайдың үзеңгілестері, Азаттықтың бұрынғы тілшілері бар. Германияның Мюнхен қаласына барған журналистеріміз осындай жайттың куәсі болды, деп жазады Азаттық.
WALDFRIEDHOF – ОРМАНДАҒЫ ЗИРАТ
Прагадағы бас кеңсеге тренингке келген Азаттықтың екі тілшісі демалыс күндері көршілес Германияның Мюнхен қаласына барып қайтпақ болдық.
Тілшілерді Азаттық Радиосының бұрынғы қызметкері, сонда тұратын қазақ Өмірхан Алтын қарсы алды. Сапар Мюнхендегі Азаттықтың бұрынғы қызметкерлері жерленген зираттан басталды.
Мюнхеннің шығыс бөлігінде орналасқан бұл жер немісше Waldfriedhof, яғни "Ормандағы зират" деп аталады. Мұнда әр ұлттың өкілдері жерленген, арасында қоғам қайраткері де, басқа қарапайым адам да бар. Зираттың кіреберісіндегі сол жақ бөлігі мұсылмандарға арналған.
Бізге жол бастаған Өмірхан Алтын "осында Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен бірсыпыра адам жатыр. Олардың дені осы Азаттықта жұмыс істеген. Соның бірі – Қарыс Қанатбай" деп әңгімелеп келе жатып кілт тоқтап, қаққан қазықтай қозғалмай қалды.
– Жоқ, жоқ қой. Біздің де кінәміз бар, – деп дауысы дірілдеп кетті.
Біз ештеңені түсінбей аңтарылып қалдық.
– Германияда бір заң бар. Ол заң бойынша, марқұм қабірге жерленген соң бір адам қарап, жерді жалға алу ақысын жылма-жыл тиісті орынға төлеп тұруы керек. Ақы төленбесе, зиратты сүріп, орны басқа біреуге беріледі. Қарыс Қанатбайдың зиратын да сүріп тастап, орынына басқа біреуді жерлепті, – деді ол қара мәрмәрдан соғылған белгісіз адамның құлпытасын нұсқап.
Бұл біз үшін де күтпеген жағдай болды. Өмірхан Алтынның айтуынша, осыдан үш жыл бұрын Қарыс Қанатбайдың бейіті мен құлпытасы орынында болған. Тіпті, оның Оралда тұратын туыстары арнайы келіп, туған жерінің топырағын бейітіне салып кетіпті.
Қарыс Қанатбай – Мұстафа Шоқайдың үзеңгілесі, түркі елдерінің біртұтас Түркістан мемлекетін құру үшін күрескен қайраткер. 1911 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданындағы Борсы ауылында дүниеге келген. Ресейдің Свердловск қаласындағы тау-кен институтын тәмамдаған. Екінші дүниежүзілік Қызыл армия қатарында соғысып жүріп тұтқынға түскен. Оны тұтқыннан Мұстафа Шоқай алып шыққан деген дерек бар. Лагерьден босап шыққан соң Қарыс Қанатбай Берлинде құрылған Түркістан ұлттық комитетіне кіріп, кейін оның бас хатшысы қызметін атқарған. 1950 жылы Мюнхенде "Түркелі ұлт-Азаттық комитетін" құрып, соған жетекшілік етеді. Ол Азаттық радиосын құруды үйлестірушілердің бірі болған. "Түрік елі" деген журнал шығарған. Қарыс Қанатбай 1982 жылы 71 жасында Мюнхенде қайтыс болды.
Түркістан ұлттық комитеті – Германия үкіметінің ұйымдастыруымен 1942 жылы құрылған ұйым. Оған Түркістан легионын құру, Түркістан өлкесінде совет билігіне қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізу міндеті жүктелді. Ұйымға болашақта неміс әскерінің күшімен "азат етілуі тиіс" Түркістан өлкесін басқару механизмін жасау міндеті тапсырылған. (Қазақ энциклопедиясы. 9-том)
Азаттық радиосының бұрынғы журналисі Әлихан Жаналтай Германияда зираттарға салығы төленбеген бейіттер алынып тасталғанымен, сүйегі сол қабірде бір қалтаға салынып, бір бұрышта жата береді дейді.
КӨҢІЛДЕН ДЕ, КӨЗДЕН ДЕ ҒАЙЫП БОЛҒАН МӘУЛІКЕШ
Waldfriedhof-та жерленгенімен, сүйегі қайда жатқаны белгісіз қазақ диссидентінің бірі – Мәулікеш Қайбалды. Ол 1969 жылы Мюнхендегі теміржол бойында жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Қайбалды да осы зиратқа жерленгенімен, қабірі қараусыз қалып, қазір сүйегі қайда жатқаны да белгісіз.
Мәулікеш Қайбалдыны еске алған Азаттықтың ардагер журналисі, Германиядағы қазақ диаспорасының өкілі Талғат Қосжігіт "оның қалай қаза тапқаны осы күнге дейін жұмбақ болып отыр, ашылмады, зерттелмеді" деді.
Түркістан ұлттық комитеті шығарған "Милли Түркістан" журналының редакциясында қызмет істеген полиглот әрі ақын, жазушы Мәулікеш Қайбалды "Асан Қайғы" лақап атымен танымал болған. Оның шығармалары арасынан неміс тілінде жазылды деген "Жұмақтан жеткен жансауға" кітабы туралы көп айтылғанымен оны көрдік, оқыдық деген адамды кедестірмедік.
"ҚАЗАҚ ДЕГЕНДЕ ЖАНЫ ҚАЛМАЙТЫН"
Мюнхендегі зиратта Азаттықтың Қазақ қызметін басқарған Дәулет (Дәулеткерей) Тағыберлі де жатыр. Кейбір мәліметке қарағанда, оның жатқан жеріне 2027 жылға дейін ақы төленген. Оның қабірін де қалың шөп басып, басындағы құлпытасы ғана қалқайып тұр.
Енді бір-екі жылда Дәулет Тағыберлінің де бейіті күрелуі мүмкін. Бұл ақпаратты Әлихан Жаналтай да растады. Ол Дәулет Тағыберліні 1984 жылы Америкаға сапарында көріпті. Оның сөзінше, ол кез Тағыберлінің денсаулығы нашаралап, ауырып жүрген шағы екен.
– [Дәулет Тағыберлімен] Нью-Йоркте жолықтық. Кашмирде (Үндістан) туған менің қазақ редакциясында жұмыс істегеніме қуанды. Бір-екі сағат сөйлестік. Сол кездесуден соң үш жыл өте қайтыс болды ғой. Ол кезде әйелі бар еді. "Қырық жылға дейін қабір жарнасы төленді" деп айтқан. Мерзімі 2027 жылы бітеді. Негізі, туыстары бар. Уақыты келгенде белгілі болар, – деді Жаналтай.
Дәулет Тағыберлі өмірінің соңғы кезеңдерін АҚШ-та өткізіп, 1987 жылы қайтыс болған соң жұбайы оны Мюнхенге әкеліп жерлеген.
Басындағы құлпытасқа әйелі латын әріптерімен "Қазақ дегенде жаны қалмайтын" деп жазып қойыпты.
Құлпытастағы әйелінің неміс тіліндегі жазбасын ары қарай тәржімалаған Өмірхан Алтын "Сенің өмірің сүйіспеншілікпен өтті, қасыңда болу, махаббатыңды сезіну мен үшін зор бақыт" деген жазуды дауыстап оқыды.
– Мюнхенді жақсы көреді деп осында әкеліп жерлеген. Дәулет Тағыберлі жоғары оқу орынында оқытушы болған, сабақ та берген, –деді Өмірхан Алтын.
Бұл зираттан Абдолла Дүсіпұлы (шын аты – Сұлтанқабыл Жүсіпов) деген атпен жерленген Азаттықтың тағы бір бұрынғы қызметкерінің қабірін көрдік. Әйелі және кішкентай кезінде шетінеген сәбиімен бірге жерленген екен. Ол Шығыс Қазақстан облысының тумасы болған.
МЮНХЕНДЕГІ ЗИРАТ ӘКІМШІЛІГІНДЕ
Қарыс Қанатбайдың қабірін қалпына келтірудің мүмкіндіктері туралы ресми сауалхатты Азаттық Мюнхендегі зират әкімшілігіне жолдаған. Ол жақтан Қарыс Қанатбай бейітінің сүрілгенін растаған жауап келді. Бірақ жүзбе-жүз сөйлесу үшін Өмірхан Алтынмен бірге зират әкімшілігіне арнайы бардық.
Сол жердегі компьютерден іздеп, Қарыс Қанатбай туралы мәліметті анықтаған зират әкімшілігі қызметкері жерді жалға алу мерзімі 2022 жылы біткенін, басқа мәлімет берілмейтінін айтты.
– Иесі жоқ сүйекті жинап қабірдің бір шетіне қоямыз, оның орынына басқа біреудің сүйегі қойылады. Оның жақындары бізге бірнеше жыл бұрын ескерткенде, сүйегін басқа жерге бөлек сақтап қоятын едік. Енді бәрі кеш, – деді зират қызметкері.
Өмірхан Алтынның айтуынша, иесіз қалған қазақ зиялыларының зираты мәселесі – Қазақстан үкіметі Германиямен арада шешетін саяси тақырып.
– Бұл – тек мемлекеттік деңгейде шешілуі мүмкін күрделі мәселе, – деді ол.
ЕСКЕ АЛУ
Қарыс Қанатбайдың зиратының сүрілуі оның көзін көрген Азаттықтың бұрынғы журналистеріне де жайсыз тиді. Солардың бірі – 1978-1995 жылдары Мюнхенде Азаттықта жұмыс істеген Әлихан Жаналтай Қарыс Қанатбайды мінезі ауыр, көп сөйлемейтін, өте салмақты адам еді деп суреттейді.
– Өзім екі рет көрдім. Онда жас кезім, жаңа үйленіп, тұңғышым дүниеге келген. Түркиядан әкем келіп, үйде үлкендер бас қосты. Қарыс ағаны да бата берсін деп шақырды. Басқа Орталық Азия елдері редакцияларының басшылары да келді. Таң атқанша отырды. Есімде қалғаны "қазақ екендеріңді ұмытпаңдар, тектеріңді біліңдер, бірақ руға бөлінбеңдер" дегені, – деді Әлихан Жаналтай.
1967-1995 жылдар аралығында Азаттықта жұмыс істеп, "Талғат Көкбұлақ" деген лақап атпен танымал болған Талғат Қосжігіт Қарыс Қанатбайды дүниеге, ақшаға қызықпайтын адам еді деп суреттейді.
– Жиі кездесіп тұрдық. Өте тамаша адам еді. Әйелі неміс қызы болатын. Үйінде қонып та қалатын едік. Дәулет Тағыберлімен де, Абдолла Жүсіппен (Азаттықтықтың бұрынғы директоры) дәмдес болдық. Ұзақ отырыстан ел туралы өлең айтып, "қайран еліміз, азат бола ма, болмай ма" деп жылайтын, – дейді ол.
Талғат Қосжігіт жұмбақ жағдайда көз жұмған Мәулікеш Қайбалдыны да өкіне еске алды.
– Ол кісі өте оқымысты еді. Тілі біздей өткір, сұғып алатын. Оның мақалалары менде сақталған. Антикоммунист еді. Совет үкіметін иттің етінен жек көретін. Орысшасы орыстардан да күшті еді. Кейбір орыс редакциясындағылардың өзі грамматикасын болсын, басқасын болсын сұрап жүретін. Немісше, ағылшынша білетін. Бірақ "мен ананы білемін, мынаны білемін" деп айтпайтын, мақтанбайтын сондай бір қарапайым адам еді, – дейді ол.
Өмірхан Алтын қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі үшін күрескен адамдардың Германиядағы бейітін сақтап қалу туралы Қазақстанның елшілігіне де, Германияға сапарлап баратын парламент депутаттарына, ресми адамдарға да ауызша өтініш айтқанмын дейді. Қазақстан билігін "советтік идеядан қол үзе алмай отыр" деп сынаған ол қазақ диссиденттері бейітінің сақталмауына ресми тұлғалар тікелей жауапты деп санайды.
– Әрине, біздің де кінәміз бар. Бірақ біз қарапайым адамдармыз. Жеке тіршілігімізбен тұрақты келіп тұра алмаймыз. Дәл осы Мюнхендегі Қазақстан консулдығы не бітіріп отыр? Қазақстан шынымен тәуелсіз ел болса осындай тәуелсіздікке үлес қосқан қайраткерлерді іздеуі тиіс. Бұл – мемлекет беделіне түскен қара дақ. Қазақстан президенті араласып, өзара мәміле жасап, Қарыс Қанатбайдың бейітін қалпына келтіруі тиіс. Мұстафа Шоқайдан бастап ұлт азаттығы үшін күрескен адамдардың сүйегі елге апарылып, олар туралы жас ұрпаққа күнде айтылуы керек, – деді ол.
БЕРЛИНДЕ
Қазақстаннның Германиядағы елшілігі Берлин қаласында орналасқан. Біз ол жерге барғанда елші Нұрлан Онжанов орнында жоқ екен. Елшілік қақпасын ашып, орысша хал сұраған қызметкерге өтінішімізді айтқан соң сөйлесуге елшінің кеңесшісі Қадыр Қасаболатов шықты. Сырттағы суықтан дірдектеген тілшілерді ішке кіргізген ол Мюнхендегі жоғалып жатқан қазақ диссиденттерінің қабірі туралы сөйлесуге аса құлықты болмады.
– Арнайы хаттама бойынша жұмыс істейміз. Ол мәселеден хабарымыз жоқ. Қазір бәлендей уәде бере алмаймыз. Хат жолдаңыздар, қарастырамыз, – деді Қадыр Қасаболатов.
Азаттық ресми хатты бұл сапарға дейін Мюнхендегі консулдыққа жолдаған. Бірақ олар әлі жауап бермеді.
Германиядағы елшіліктің баспасөз хатшысы Әдия Қамбарбек өзара әңгімеде Берлинде жерленген Мұстафа Шоқай тақырыбы елшілік үшін нәзік, саяси тақырып екенін ескертті.
– Мұстафа Шоқай туралы елші ешкімге сұхбат бермейді. Тіпті "Хабарға" (Қазақстандағы мемлекеттік телеарна – ред.) да. Бұл – әзірге жабық тақырып, – деді ол.
Елшіліктен соң Азаттық тілшілері Берлиндегі түріктердің шейттер мешітінің ауласында жатқан Мұстафа Шоқайдың қабіріне де барды. Сол жерге келіп отырған түрік азаматтарының бірі Мехмет Қамшы Мұстафа Шоқай бейіті ксенофобтар шабуылы салдарынан 1980 жылдары бірнеше рет бұзылғанын айтты. Оның сөзінше, бейіт Түркия мемлекетінің қарауында болғандықтан, оның бұзылу, сүрілуі туралы әңгіме жоқ.
– Бұл – бір танымал адам. Оның қабіріне Қазақстаннан жұрт жиі келіп тұрады, – деді ол.
Азаттық қазақ диссидентерінің зиратына қатысты мәселені әрі қарай да назарда ұстайды.
Сіздің реакцияңыз қандай?