Путиннің репрессиясы Брежнев пен Хрущевтан асып түсті

Соңғы алты жылда 116 мыңдай адам репрессияға ұшыраған.

Ақпан 23, 2024 - 16:21
Ақпан 23, 2024 - 16:22
Путиннің репрессиясы Брежнев пен Хрущевтан асып түсті
azattyq.org

Владимир Путиннің қазіргі президенттік мерзімі кезінде Ресейде саяси баппен сотталғандар саны Совет одағындағы Никита Хрущев пен Леонид Брежневтің билігі тұсынан асып кеткен, деп жазады Азаттық. Бұл туралы "Проект" басылымының зерттеуінде айтылады. Сайт кейінгі алты жылда Ресейде 116 мыңдай адам репрессияға ұшырағанын жазады.

"Проектің" есебінше, "экстремизм", "терроризмді ақтау", "Ресей әскері туралы жалған ақпарат тарату", "Ресей әскерінің беделін түсіру" баптарымен 2018 жылдың 2024 жылдың ақпанына дейін 5613 адам қудаланған.

"Егер бұл тізімге Украинадағы соғысқа барудан бас тарту, мемлекетке сатқындық, шпионаж сынды баптарды қоссақ бұл дерек 11442 адамға жетеді" деп жазады басылым.

"Проект" алты жылда Ресейде 100 мыңдай адам "рұқсатсыз акцияға шығу" бабымен әкімшілік жазаға тартылғанын айтады.

Журналистер "Хрущев пен Брежнев Совет одағын басқарған тұста, яғни 1950 жылдардың ортасынан 1980 жылдың басына дейін "антисоветтік агитация және советтік құрылымға зияны тиетін ақпарат тарату" бабымен сотталғандар Путиннің кейінгі алты жыл билігінде қудаланғандардан аз екенін жазады.

"Проект" жобасы Хрущевтің 1956-1961 жылғы билігі кезінде 4883 адам, Брежневтің 1968-1973 жылғы билігі тұсында 1057 адам репрессияға ұшырағанын есептеген.

Басылым Совет одағы кезінде мемлекет негізгі идеология болып, өмірдегі барлық сала мемлекетке бағынғанын, ал Ресей Конституциясына "адам құқығын сақтауға құрылған демократиялы құқықтық мемлекет" деп кқрсетілгенін атап өткен.

Журналистер бұл зерттеуін колонияда көз жұмған оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға арнаған. "Проект" жобасы Ресейде репрессия Украинада соғыс тұсында күшейгенін де жазады.

Мәселен, бұл елде терроризммен айыпталғандар саны күрт өскен. 2021 жылы "терроризм" бабымен 21 іс қозғалса, 2023 жылы 111 іс тіркелген.

Журналистер Ресейде әскерден қашу я әскери бөлімшені тастап кету жайттары көбейгенін, "экстремизмге шақыру не терроризмді ақтау" бабымен сотталғандар көбейгенін де айтады. "Проект" Ресей билігі соғысқа қарсы шыққандарды "әскер туралы жалған ақпарат тарату" бабынан гөрі "терроризмді ақтау" бабымен жауапқа тартып жатқанын да аңғарған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow